Жол ережесін жылына 10 рет бұзса, көлік жүргізуге шектеу қойылуы мүмкін
Қазақстанда жол ережесін қайта-қайта бұзатын жүргізушілерге қатысты талапты күшейту мәселесі талқыланып жатыр. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеханың айтуынша, кей жүргізушілердің айыппұл саны 50-ден асып кетсе де, олар ақшасын уақытында төлеп, көлік жүргізуді жалғастыра береді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
ҚР ІІМ мұндай жүргізушілерге белгілі бір шектен кейін қосымша шара қолдануды ұсынып отыр. Мәселен, бір жылда 10 рет жол ережесін бұзған немесе бағдаршамның қызыл түсіне өту секілді 5 өрескел құқық бұзушылық жасаған жүргізушіге шектеу қою мәселесі қарастырылуы мүмкін. Алайда нақты шек әзірге бекітілген жоқ.
Лепеханың сөзінше, бұл ұсыныс бұған дейін Парламентпен талқыланған. Енді ІІМ мәселені жаңа Құрылтайда қайта көтермек.
