Журфак ұстаздары жұмыстан кетті: Темірғали Көпбай мәлімдеме жасады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің оқытушысы Темірғали Көпбай Facebook-те мәлімдеме жасап, төрт ұстаздың жұмыстан кеткенін хабарлады.
Сурет: kznews.kz
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінің оқытушысы, ақын Темірғали Көпбай Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеме жасады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Ол өз жазбасында бұған дейін Журналистика факультетінде ұстаздық етіп, дәріс беріп келген төрт бірдей оқытушының жұмыстан кеткенін айтады.
«Осынша ғылым-білім, шығармашылық әлеует-потенциалын арқалаған профессионалдар, біздер неге кетіп бара жатырмыз? ҚазҰУ-дің Журналистика факультеті – еліміздегі беделді медиа білім беру орталықтарының бірі, кәсіби журналист кадрларын даярлаудың негізгі ордасы ретінде елімізге танылған. Алайда, соңғы жылдары факультет айналасында түрлі келеңсіз жағдайлар жиілеп, оның ішкі тұрақтылығы мен ғылыми-шығармашылық беделіне зор нұқсан келтірілді. Басшылық тарапынан факультет деканының қызметін қақпақыл етіп ойнау белең алды. Бес жыл ішінде бес декан ауыстырылды. Бұл жағдай факультет дамуының перспективалық бағыттарын ілгерілетуге сөзсіз кесірін тигізді. Біріншіден, бұл әрекет факультеттің қоғамдық және академиялық беделіне нұқсан келтірді. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамыту стратегиясына, журналистика ғылымының дамуына және жас мамандарды даярлау ісіне залалын тигізді. Үшіншіден, басқару жүйесіне деген сенімсіздік пайда болды. Осыған байланысты, біз, факультет ұстаздары басқару шешімдерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ декан қызметіне кәсіби біліктілігі жоғары, демократия мен жариялылықты қош көретін, мемлекеттік тілді жетік білетін және жұртшылық алдында беделі бар сауатты тұлғаның тағайындалуын талап еттік. Бұл талабымызды ескерудің орнына жоғарыдағылар бізге ерегескендей үш жыл бұрын факультеттен қуылып кеткен лайықсыз адамды қайтадан декан етіп қойды. Ішкі дау сыртқа шықты. Айтысып-тартысып жүріп, ол адамды декандықтан кетірдік. Бірақ, осы тағайындауға байыпты қарсылық білдіріп, пікірін ашық айтқан ұстаздарды қудалау басталды. Кеңес заманындағыдай «Қара тізім» жасалды. Енді, міне, сол «Қара тізімге» ілінгендерге сағат бермейміз деп сіресіп отыр. Жалпақ тілмен айтқанда, тікелей өш алуға кірісті. Кек қайтаруды өздерінің жазба бұйрығымен емес, төменгі басшы буынды мәжбүрлеумен жүзеге асыруға жанталасты», – дейді оқытушы.
Автордың айтуынша, бүгін жұмыстан босатылған ұстаздардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор, прозаик, 8 жеке кітаптың авторы, журфакта 32 жыл дәріс берген ардагер ұстаз Кәкен Қамзин, көрнекті ақын, әдебиеттанушы, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, 5 жеке кітаптың авторы, журфакта 20 жыл дәріс берген ұстаз Мұрат Шаймаран, белгілі жазушы-сатирик, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, 16 жеке кітаптың авторы, журфакта 20 жыл дәріс берген ұстаз Ермахан Шайхы және автордың өзі – ақын, журналист, баспагер, ғалым, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, 15 жеке кітаптың авторы, журфакта 12 жыл дәріс берген ұстаз Темірғали Көпбай бар екен.
Сонымен қатар, автор факультетте қалыптасып отырған кадрлық жағдайға да тоқталған.
«Осы арада кадр жасақтау турасында бірер ойымызды айта кетуді жөн көрдік. Бүгінгі күні деканның күні күн болудан, кафедра меңгерушісінің сөзі сөз болудан қалды. Олардың ұсынған үміткерлері көкте отырғандарға жақпаса, басы алтын болса да санатқа ілікпейді. Әлемдік практикада бұл нонсенс. Әлемдік тәжірибе демекші, сырт елдерде ректорды сол оқу орнының оқытушы-профессорлары баламалы жолмен сайлап алады. Біз де осы демократиялық принципті енгізуді дұрыс деп білеміз. Бір орнында тапжылмай отырып қалған басшының көзін шел басады, өзін мінсізбін деп есептей бастайды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев негіздеген Жаңа Қазақстан идеясын ескірген, кертартпа, тізе батыру тәсілдермен жүзеге асырамыз деу – ХХІ ғасырдың утопиясы. Новаторлық реформаның өркені жағымсыз-негативті энергетикамен емес, шынайы ұғыстықпен, «жұмсақ күшпен» ғана өседі. Соны ұстанымды тек креативті тұлғалар ғана өрге сүйрей алады. Біз қара шаңырақ-КазГУ-ді қасиетті үйіміз деп санаймыз. Көзімізді ашқалы киелі ордадан қол үзбедік. Біз тек өзіміздің білім-білігімізге, ұлтымыздан дарыған асыл өнегеге ғана арқа сүйедік. Қазақтың осындайда айтылар дөп философиясы бар: «Жамандық көрген жеріңнен еңбекте де кет. Жақсылық көрген жеріңе еңбекте де жет!» деген атам қазақ. Азат пікір, еркін ой жоқ жерде даму да жоқ. Ұлттық университет деген дардай атағы бар оқу орнының арзымайтын айлығына байланып отырған біз жоқ. Түсіне білсеңіздер, мәртебе, бедел – параллель ағыс. Бұдан кейін шақырсаңдар да бармаймыз. Осымен сөз бітті! Біз журфактан кеттік!» – деп түйіндейді ақын, ұстаз Темірғали Көпбай өз жазбасын.
