ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Кітап оқитын ұлт» қоры меморандумға қол қойды
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Кітап оқитын ұлт» қоры бірлесіп, студенттерге арналған «Кітап оқитын университет» бағытын іске қосты. Марафонға 250 мыңнан астам адам тіркелді.
Сурет: turkystan.kz
Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры республикалық «Кітап оқитын ұлт» оқу марафоны аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Құжатқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қол қойды.
Меморандум аясында жоғары оқу орындарының студенттері арнайы «Кітап оқитын университет» бағыты бойынша республикалық оқу марафонына қатыса алады. Жоба студент жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға, оқырман сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ отандық және әлемдік әдебиетке деген тұрақты қызығушылықты қалыптастыруға бағытталған.
Алты ай ішінде қатысушылар қазақ немесе орыс тілдерінде 15 кітап оқуы тиіс. Одан кейін студенттер тестілеу мен зияткерлік квиздер арқылы білімдерін тексереді.
«Кітап оқу мәдениетін дамыту – заманауи адами капиталды қалыптастырудың маңызды бөлігі. Университет – тек кәсіби білім алатын орын ғана емес, сонымен қатар интеллектуалдық және тұлғалық дамуға мүмкіндік беретін орта. Оқудың студенттік өмірдің табиғи бір бөлігіне айналуы үшін жағдай жасау маңызды. «Кітап оқитын университет» студенттерді кітап төңірегіне біріктіріп, олардың ой-өрісін кеңейтіп, өзін-өзі дамытуға деген тұрақты дағды қалыптастыруға мүмкіндік береді деп сенемін», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков университет қауымдастығын оқу мәдениетін дамытуға тартудың маңыздылығын атап өтті.
«Студент жастар – біздің бастамамыздың негізгі аудиторияларының бірі. Біздің міндетіміз – оқуды бір реттік акция емес, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыру. «Кітап оқитын университет» форматы тек 15 кітап оқуға ғана емес, сонымен қатар шығармаларды талқылауға, олардың мазмұнын саралауға және пікір алмасуға мүмкіндік береді. Университеттердің қатысуы жастар арасында белсенді оқырмандық қауымдастық қалыптастыруға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Бақытжан Тұрлыбеков.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны оқу мәдениетін дамыту, оқырман сауаттылығын арттыру, кітапты кеңінен насихаттау және қоғамда интеллектуалдық орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылуда.
2026 жылы марафон бірнеше бағыт бойынша өткізіледі: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зияткер».
Қатысушыларды тіркеу 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Қазіргі таңда жобаның ресми сайтында 250 мыңнан астам қатысушы тіркелген.
Марафонға жобаның ресми сайты арқылы қатысуға болады: reading-nation.kz
Меморандум жоғары білім беру ұйымдарының республикалық марафонға қатысу аясын кеңейтіп, студенттердің оқу мәдениетін, интеллектуалдық қарым-қатынасын және өзіндік білім алуын дамытуға қосымша мүмкіндіктер береді.
