Оқиға орнынан қашып кеткен: Астанада жүргізуші бір айға қамауға алынды
Фото: Видеодан скрин
Астанада жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші анықталды. Белгілі болғандай, осыған дейін көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылған ер адам белгіленген тыйымды елемей, қайтадан Chery маркалы автокөліктің тізгініне отырған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Мәңгілік Ел көшесімен жүріп келе жатқан жүргізуші BYD автокөлігін соғып, кейін оқиға орнынан кетіп қалған.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, оны әкімшілік жауаптылыққа тартты.
«Сот шешімімен оған 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Полиция азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және өз өмірі мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге шақырады. Белгіленген шектеулерді елемеу қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке әкеп соғады», – делінген ПД хабарламасында.
