Алматыда классикалық музыка кеші өтеді
27 тамызда Алматыда «Венадан Буэнос-Айреске дейін» классикалық музыка кеші өтеді. Скрипкашы Ерасыл Хамит пен Almaty Festival Orchestra өнер көрсетеді.
Сурет: egemen.kz
27 тамыз күні Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында «Венадан Буэнос-Айреске дейін» атты классикалық музыка кеші өтеді. Сағат 18:00-де басталатын музыкалық кешке кіру тегін, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Халықаралық байқаулардың лауреаты, Венада білім алып жатқан дарынды скрипкашы Ерасыл Хамит пен дирижер Ілияс Дүйсен жетекшілік ететін Almaty Festival Orchestra отандық көрерменге әлемдік классиканың жауһарларын ұсынады. Кеш бағдарламасына әлемдік музыка классикасының көрнекті туындылары – Людвиг ван Бетховеннің скрипка мен оркестрге арналған концерті және Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» циклі енген. Кеште Қазақстан музыканттарының жаңа буыны әлемдік академиялық музыка өнерінің таңдаулы туындыларын көпшілік назарына ұсынады.
Өнерпаздың биік белестері
Айта кеткен жөн, жас та болса әлемдік деңгейде танылып үлгерген Ерасыл Хамит – беделді халықаралық байқаулардың лауреаты. Ол 2025 жылы Испанияда өткен CullerArts халықаралық скрипкашылар байқауында І орынды иеленді. Сонымен қатар, 2025 жылдың қаңтарында музыкант Римдегі Палаццо делла Канчеллерия сарайында Рим Папасы Францискке жеке концерттік бағдарламасын ұсынған еді.
Скрипкашы Венадағы Музикферайнның Алтын залы, Вена Концертхаусы, Зальцбург Фестшпильхаусы, Токиодағы Сантори-холл, Санкт-Петербург филармониясының Үлкен залы және Мәскеудегі П.И. Чайковский атындағы концерт залы сияқты әлемнің әйгілі сахналарында өнер көрсеткен. Қазіргі уақытта ол Вена музыка және орындаушылық өнер университетінде шеберлігін шыңдап жүр. Ал 2026 жылдың қыркүйегінен бастап Вена радиосы симфониялық оркестрінің (RSO Wien) құрамында өнер көрсететін болады.
Ата-ананың қолдауы – үлкен жеңістердің кепілі
Ерасылдың өнердегі жолы мен жетістіктері туралы оның ата-анасы Ердан Ерғалиев пен Салтанат Қадырсейітовадан пікірлерін білдіруді сұраған едік. Жас өнерпаздың ата-анасы жүрекжарды лебіздерімен бөлісті.
Әкесі Ердан Ерғалиевтің айтуынша, Ерасыл 1999 жылы 29 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Ал музыкаға деген бейімі қаршадай кезінен байқалған.
«Балабақшада жүрген кезде Ерасылдың тақпақ, әндерді тез жаттап алатынын көрдік және әуенді қағып алатын қабілеті өте жоғары деңгейде болды. Оны скрипка сыныбына бердік. Бір қызығы, ол дайындық кезінде балалықпен скрипка ойнаудан қашатын. Оған «ендеше, скрипканы тастайық» дейтінбіз. Сол кезде ол қайта келіп дайындала бастайтын, ал біз оған мақтау айтып, көңілін көтеретінбіз», дейді Ердан Ерғалиев.
Әкесінің сөзінше, Ерасылдың алғаш үйден алысқа кету кезеңі Санкт-Петербург музыка мектебінен Москвадағы Орталық дарынды балалар музыка мектебіне ауысуынан басталған екен.
«Сол кезден бастап Ерасыл да, біз де арақашықтыққа үйрене бастадық. Әрине, сағыну қашанда болады. Шетелдерде белгілі бола бастаған Ерасылдың өз Отанында концерт беру арманы еді», дейді жас таланттың әкесі Ердан Ерғалиев.
Анасы Салтанат Қадырсейітованың айтуынша, Ерасылдың шетелдегі атақты ұстаздан білім алу ынтасы жоғары болған.
«Ата-ана ретінде біз де дайындығына үлес қостық, үйде үшеуміз бірге дайындалдық. Себебі, әкесі екеуміз де скрипка маманымыз. Онлайн хабарласып, бірлесіп дайындық жүргізіп отырдық. Нәтижесінде Ерасыл халықаралық үлкен сахналарда сәтті өнер көрсетті. Әрине, бұл бізге үлкен қуаныш сыйлады», дейді Салтанат Қадырсейітова.
Анасының сөзінше, Испаниядағы байқауда қасында болмаған, бірақ әкесі екеуі онлайн арқылы көріп отырған. Ал Папа Францискке жеке концерт бергенін керемет көңіл-күймен тамашалап, қатты толқыған.
«Бойында өнері бар бала өсіріп отырған ата-аналарға айтарымыз – дарынды балаларға әрдайым қолдау көрсетіп көмек беру қажет және еңбекқорлыққа баулып, шыдамдылыққа үйрету керек», дейді анасы Салтанат Қадырсейітова.
Айта кеткен жөн, Испаниядағы CullerArts байқауы 1-орын алған жеңімпазға бір жыл ішінде Мадрид қаласының симфония оркестрімен бірге концерт беру мүмкіндігін қарастырған. Ерасыл Хамиттың концерті осы жылдың 20 қарашасына белгіленген.
Бұған дейін бізге Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Ішекті аспаптар» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, халықаралық байқаулардың лауреаты Қорлан Халилова Алматыда өтетін аталған классикалық музыка кеш туралы айтып берген еді.
