Президент Ұлттық банк төрағасын қабылдап, 2026 жылғы есепті тыңдады
Президент Ұлттық банк төрағасын қабылдап, 2026 жылғы ақша-кредит саясатының қорытындысын тыңдады. Инфляция 10,2%-ке төмендеп, кредиттеу көрсеткіштері өсті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Кездесу барысында Ұлттық банк басшысы 2026 жылғы қаңтар-шілде аралығындағы ақша-кредит саясатының қорытындылары туралы есеп берді. Тимур Сүлейменов экономикадағы ахуал, іскерлік белсенділік, инфляцияға әсер ететін факторлар және бағаны тұрақтандыру шаралары жайында баяндады.
Жылдық инфляция соңғы он айда тұрақты төмендеп, шілдеде 10,2 пайызды құрады. Бұған қолданылып жатқан ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтыну белсенділігінің тұрақталуы, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен инфляцияға қарсы шаралары ықпал етті.
Сонымен қатар экономиканы кредиттеу динамикасы да айтылды. 2026 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша, банктердің бизнеске берген несие портфелі жылдық көрсеткіште 17,1 пайызға өскен. Шағын және орта бизнесті кредиттеу қарқыны 29,6 пайызға дейін жеделдесе, тұтынушылық кредит өсімі 21,0 пайыздан 13,0 пайызға дейін баяулаған. Бұл пруденциялық шаралардың тиімділігін және тұтынушылық кредиттеудің қалыпқа келгенін көрсетеді, ал кредит ресурстары енді бизнесті қаржыландыруға көбірек бағытталуда.
Валюта нарығындағы жағдай, Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтері, сондай-ақ елдің алтын-валюта резервтері туралы да ақпарат берілді. Биылғы 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша, Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтерінің жиынтық көлемі 127,3 миллиард долларды құрады. Alatau City қаржы экожүйесін дамыту үшін Ұлттық банк капиталдың жылдам әрі икемді қозғалысын қамтамасыз ету және қалаға инвестиция тарту шараларын әзірлеген.
Ұлттық қордың инвестициялық кірісі бірінші жартыжылдықта 2,3 миллиард долларға жетті. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері жыл басынан бері 1,7 триллион теңгеге артып, 27,8 триллион теңгені құрады.
Цифрлық қаржы активтері индустриясы мен Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы да таныстырылды. Трансшекаралық төлемдер үшін стейблкоиндерді қолдану, инфрақұрылымды дамыту және токенделген мемлекеттік активтерді шығару жаңа бағыттар ретінде аталды.
Сондай-ақ төлем нарығында жаңа сегмент – лицензияланатын бірінші санаттағы төлем ұйымдары енгізілді. Бұл бәсекелестікті арттырып, клиенттердің шығындарын азайтады және инновациялық цифрлық сервистердің қолжетімділігін кеңейтеді.
19 шілдеден бастап Ұлттық төлем жүйесі аясында кез келген банк клиенттеріне QR арқылы төлем жасауға және телефон нөмірі бойынша ақша аударуға мүмкіндік беретін механизм іске қосылды. Жүйе жұмысы басталғаннан бері жалпы сомасы 170 миллиард теңге болатын 6,5 миллион операция өңделді.
Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етіп, инфляцияны орта мерзімде 5 пайызға дейін төмендету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.
Президент Ұлттық банк қызметіне қатысты бірқатар міндет жүктеп, инфляцияны одан әрі тұрақтандырудың маңыздылығына назар аударды.
