Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай күнімен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев Абай күнімен құттықтап, ұлы ойшылдың мұрасының маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтап, ұлы ойшылдың мұрасы еліміздің рухани дамуындағы маңыздылығын атап өтті. Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Президент Абайдың шығармашылық және зияткерлік мұрасы әлемдік мәдениетте ерекше орын алатынын, оның ілімі халқымыздың рухани темірқазығы екенін жеткізді. Ол ақынның «Толық адам» идеясы әрбір азаматты рухани кемелденуге шақыратын терең тұжырым екенін айтты.
Биылғы Абай күні еліміздегі ауқымды өзгерістермен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстанның Халық Конституциясы заңды күшіне еніп, билік институттарын жаңғырту үдерісі басталды. Көп ұзамай Құрылтай сайлауы өтеді, ал бір палаталы Парламент реформаларды тиімді жүзеге асыруға серпін береді.
Президент бұл өзгерістердің мақсаты – жасампаздық құндылықтарды қоғамға сіңіріп, Қазақстанның тың қарқынмен дамуына жол ашу екенін атап өтті. Ол «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» идеялары Абай армандаған қоғамның негізі екенін, сондықтан Әділетті, Озық әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрып жатқанымызды жеткізді.
Мемлекет басшысы Абай мұрасы өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеуде рухани азық болатынына сенім білдіріп, баршаға амандық пен табыс тіледі.
