1,5 миллиард теңге суға кетті ме? Ақмола облысындағы нәжіс Есілге жайылып жатыр
Фото: Видеодан скрин
Ақмола облысына қарасты Аршалыда осыдан 10 жыл бұрын 1,5 миллиард теңгеге басталған орталық канализация құрылысы әлі күнге дейін аяқсыз қалды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Бүгінде ағынды су толып, нәжіс ашық жерге де, арнайы қазылған шұңқырларға да ағып жатыр. Жергілікті халық бұл лас судың жер асты суларына сіңіп, өзенге құйылуынан ашықтан-ашық қауіптеніп отыр. Көктемде бұл ағындылар еріген қар суымен бірге Астананы ауызсумен қамтып отырған Есіл өзеніне араласып кетуі де әбден мүмкін.
Ал Аршалы ауданының әкімдігі болса, тазарту қондырғыларын реконструкциялау жобасы дайын болғанымен, оған әлі күнге дейін ақша бөлінбегенін айтып, қол қусырып отыр. Әкімдік уәдені үйіп-төгіп бергенімен, халық он жылдан бері нәжіс пен нәтижесіз жобаның зардабын тартып келеді.
