Әнші Мөлдір Әуелбековаға қатысты жол ережесін бұзу дерегі тіркелді
Мөлдір Әуелбековаға қатысты әлеуметтік желіде тараған видео тексеріліп, ІІМ жүргізушінің белдіксіз жүргені мен телефон қолданғанын растады.
Сурет: ozgeris.info
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба әнші Мөлдір Әуелбековаға қатысты болып, Ішкі істер министрлігі бұл оқиға бойынша ресми түсінік берді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Министрліктің айтуынша, әлеуметтік желілерді бақылау барысында жол қозғалысы ережелерін бұзуды көрсететін видео анықталған.
Жүргізілген тексеруде 38 жастағы жүргізушінің автокөлікті қауіпсіздік белдігінсіз басқарғаны және жүріс кезінде ұялы телефонды қолданғаны анықталды. Сонымен қатар көліктегі жолаушылардың да қауіпсіздік белдігін тақпағаны белгілі болды.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүргізушінің жеке басын анықтап, оған Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес хаттама толтырды. Ал белдік тақпаған жолаушылар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ІІМ жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағуға, көлік жүргізу кезінде телефонды пайдаланбауға және жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
