Батыс Қазақстанда жол жөндеуге бөлінген 56,5 млн теңгені жымқыру ісі бойынша үкім шықты
Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауылында жол жөндеуге бөлінген 56,5 млн теңгені жымқырғаны үшін екі басшыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сурет: orda.kz
Батыс Қазақстан облысында жол жөндеуге бөлінген 56,5 млн теңгені жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
БҚО экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, 2023 жылы лауазымды тұлғалар Жымпиты ауылындағы үш көшені жөндеуге «Сапақ» өндірістік кооперативімен шамамен 259 млн теңгеге келісімшарт жасасқан. Компания «Ак-Би» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін қосалқы мердігер ретінде тартқан. Ұйымдардың басшылары орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойып, олардың көлемі мен құнын арттырып көрсеткен, содан кейін тапсырыс беруші бюджеттен ақша аударған.
Құрылыс және экономикалық сараптамалар нысандардың ішінара ғана жасалғанын немесе мүлде жөнделмегенін көрсетті. Нақты орындалған жөндеу құны шамамен 127 млн теңгені құраса, орындалмаған жұмыстардың құны 56,5 млн теңгеден асқан. Тергеу нұсқасы бойынша, кәсіпорын басшылары ақшаны өзара бөліп, жұмсаған.
Сот «Сапақ» ӨК және «Ак-Би» ЖШС басшыларын бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деп танып, әрқайсысына сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ оларға коммерциялық ұйымдарда басшылық және материалдық жауапты лауазымдарды атқаруға 10 жылға тыйым салынды.
Бұрын осы іс бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы басшысына да үкім шығарылған. Өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сот оған бас бостандығын шектеу түрінде үш жыл алты ай жазасын кескен.
