Павлодарда өгей қызын зорлаған ер адам өмір бойына сотталды
Фото: © istockphoto.com
Павлодар қаласының 36 жастағы тұрғыны өгей қызын зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды. Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған шағым жасауға болады, деп хабарлайды irbistv.kz сайтына сілтеме жасаған Qazaqtoday.info.
Іс материалдарына сәйкес, ер адам 2022 жылдан 2025 жылға дейін қызға бірнеше рет жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасаған. Алғашқы қылмыс 2022 жылы, қыздың анасы түнгі ауысымға жұмысқа кеткен кезде, Ақмола облысындағы ауылда тұрған уақытта жасалған.
Тергеу мәліметінше, қыздың бұл туралы ешкімге айтпауы үшін күдікті бүкіл отбасын өлтіремін деп қорқытқан. Осылайша ол бірнеше жыл бойы қылмысын жалғастырған. Соңғы эпизод 2025 жылы, жәбірленуші 11 жасқа толғанда тіркелген.
Іс материалдарын зерделеген сот айыпталушыны кінәлі деп таныды.
«Сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілсін. Сондай-ақ оған өмір бойына педагогикалық қызметпен және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынсын», – деп үкімді Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Жанна Нығыбаева оқыды.
Соттың мәліметінше, қазіргі таңда 36 жастағы ер адамның кінәсі жәбірленушінің бастапқы жауаптарымен, куәгерлердің айғақтарымен және сараптама қорытындыларымен дәлелденген.
Сотталған азамат жазасын өмір бойына сотталғандар ұсталатын төтенше қауіпсіздік мекемесі – «Қара бүркіт» колониясында өтейді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым жасауға болады.
