Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен кездесіп, көңіл айтты
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әміріне көңіл айтып, марқұм шейх Хамадтың қазақ-қатар қарым-қатынасына қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар, Әмір Қазақстанға шақырылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар астанасы Дохаға барып, Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Таниге және билеуші отбасы мүшелеріне әмірдің әкесі шейх Хамад бен Халифа Әл Танидің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Мемлекет басшысы шейх Хамадтың күшті және табысты Қатар мемлекетін құруға қосқан баға жетпес үлесін атап өтті. «Қазіргі Қатардың көптеген тарихи жетістіктері мен әлемдік аренадағы жоғары беделі оның есімімен тығыз байланысты. Шейх Хамад әлемдік деңгейдегі мемлекет қайраткері және қазақ халқының шынайы досы болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, шейх Хамад бен Халифа Әл Тани қазақ-қатар қарым-қатынастарының қалыптасуы мен табысты дамуына зор үлес қосты. Ол Қазақстанға екі рет ресми сапармен келді, ал оның алғашқы сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев оны Сыртқы істер министрі ретінде қарсы алды.
Мемлекет басшысы шейх Хамадтың бастамасымен Астанада Әл-Фараби атындағы мешіт салынғанын, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылғанын ризашылықпен атап өтті. «Бұл – екі ел арасындағы шынайы достық пен өзара түсіністіктің айқын куәсі», – деді ол.
«Осы қайғылы сәтте біз Жаратқан Иеден марқұмға жәннаттан орын беруін тілейміз», – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани Қасым-Жомарт Тоқаевқа келіп, жеке қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, бұл Қазақстан мен Қатар халықтары арасындағы бауырластық қарым-қатынастардың ерекше сипатын көрсететінін айтты.
Қатар тарапының бастамасымен Таяу Шығыстағы жағдайды қоса алғанда, қазіргі халықаралық жағдай бойынша пікір алмасу өтті.
Соңында Мемлекет басшысы Қатар Әміріне өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келу туралы шақыруын қайталады. Шақыру алғыспен қабылданды.
