Бүгін, 1 шілдеде, Қазақстанда жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Мемлекет басшысы халыққа арнайы үндеу жариялап, ел дамуының жаңа белесі басталғанын айтты. Бұл тарихи қадамды саясаттанушы Тасым Риззат жоғары бағалады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Саясаттанушы, Қазақстандық қоғамдық даму институты Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Тасым Риззаттың пайымдауынша, жаңа Конституция елдің демократиялық дамуын жаңа деңгейге көтереді. Ол бұрынғы Ата Заңның миссиясын аяқтағанын айта келіп, қоғамдық сұраныстар мен халықаралық өзгерістерге байланысты жаңа Конституция қажет болғанын атап өтті.
Тасым Риззат жаңа Конституцияның мемлекеттік басқару жүйесін ашық әрі халыққа жақын ететінін ерекше атады. Заң шығару бастамасына ие болатын Халық Кеңесі мен Ұлттық Құрылтай сияқты институттар шешім қабылдау процесінің негізіне айналады. Бұл реформалар басқарудың дербестендірілген моделінен институционалдық жүйеге өтуге жол ашады, яғни мемлекеттік жүйе жеке тұлғалардың шешіміне емес, құқықтық институттарға сүйенеді.
Әділдік принципі жаңа Конституцияның басты құндылығы ретінде алға шықты. Саясаттанушы әлеуметтанулық зерттеулерге сүйене отырып, әділдік қазақстандықтар үшін маңызды бағдар екенін жеткізді. Ол жаңа Конституция бұл құндылықтарды нөлден жасамағанын, көп жылдық қоғамдық консенсусты бекіткенін айтты. Мысал ретінде жиырма жылдан астам талқыланған бір палаталы парламентке өту идеясының конституциялық тұрғыда бекітілуін келтірді.
Жаңа Конституцияның тағы бір жетістігі — биліктің ауысымалдылығы мен тепе-теңдігін заң жүзінде бекіту. Тасым Риззат Президент өкілеттігінің қайтарымсыз жеті жылдық бір мерзіммен шектелуі саяси жүйені тұрақтандыратынын атап өтті. Бұл норманың өзгермейтіні және кез келген түзету тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданатыны халықтың биліктің бастауы екенін дәлелдейді.
