Сурет: kznews.kz
Актер әрі әнші Нұрлан Әлімжанов әріптесі Әйгерім Қалаубаеваға жылы лебізін білдіріп, оны ерекше бағалайтынын айтты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Өнер иелері бір-біріне деген көзқарасы мен сахнадағы үйлесімінің сырын ашық бөлісті. Әңгіме барысында Нұрлан Әлімжанов Әйгерімді айға теңеп, оны қатты сағынатынын жеткізді.
«Сен боянбашы деймін. Боянбасаң да, сен – айсың. Алты сағат қатты сағындым. “Айкош, қалай маған жетіспей тұр” дедім», – деді актер.
Өз кезегінде Әйгерім Қалаубаева олардың арасындағы түсіністік пен үйлесімнің себебін түсіндірді. «Өйткені мен саған бағынамын. Тыңдаймын. Сенің не сөйлеп тұрғаныңды аңдып тұрамын. Сенен алға шығып кетпеуге тырысамын. Сенен көп сөйлеп қоймауға тырысамын», – деді әнші.
Нұрлан Әлімжанов әріптесінің бұл жауабына ризашылығын білдіріп, әзіл аралас ойын айтты. «Бүкіл әйел Әйгерім сияқты әрекет ететін болса, бәрі бақытты болып кетуші еді. Қазақстанда ажырасу атымен болмас еді», – деді ол.
Өнер иесі бұл сөздердің жүргізушілікке және сахнадағы серіктестікке қатысты екенін аңғартты. Дегенмен ол өмірде де өзара сыйластық пен түсіністік маңызды екенін тұспалдап жеткізді. «Сондықтан біз ажыраспаймыз», – деп Әйгерім Қалаубаева әзілмен жауап берді.
Айта кетейік, Нұрлан Әлімжанов пен Әйгерім Қалаубаеваның бірге жиі көрінуі желіде түрлі пікір туғызған. Бұған дейін әнші олардың қарым-қатынасына қатысты пікір білдіріп, екеуін «өмірде емес, өнер жолында табысқан жұп» деп сипаттаған еді.
