Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштаның және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің қатысуымен бірқатар маңызды құжаттарға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Қол қойылған құжаттардың арасында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасында «Әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы» келісім бар. Сонымен қатар, «Air Astana» АҚ мен Airbus компаниясы 50 әуе кемесіне дейін тапсырыс беруге келісті.
Қазақстан Көлік министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі интеллектуалды көлік жүйесін енгізу және «Е-жолдары» цифрлық платформасын жасақтауға грант бөлу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен Еуропалық инвестициялық банк арасында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының бөлігі саналатын Қазақстан өңірлеріндегі жолдарды қалпына келтіруге арналған жобаларды қаржыландыру бойынша келісім жасалды.
Сондай-ақ, Қазақстан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында Минералдар мен металдар саласындағы озық тәжірибелік орталық құруға арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
