Сурет: inbusiness.kz
Қарағанды көмір бассейнінде, әртүрлі бағалаулар бойынша, 2 триллион текше метрден астам метан газы шоғырланған. Бұл газды өндіруге жол ашу үшін Энергетика министрлігі көмір қабаттарының метанын (КҚМ) өндіру саласын дамытуға бел буып отыр. Бұл туралы вице-министр Ерлан Ақбаров Astana Mining & Metallurgy конгресі аясында өткен көмір форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Вице-министрдің айтуынша, Қарағанды көмір бассейніндегі метанның мөлшері әлемдік аналогтармен салыстырғанда бай – тонна көмірге 25 текше метрге дейін метан келеді. Сондықтан мұнда көмір-газ жобаларын іске асырудың үлкен әлеуеті бар. Ол Қарағанды бассейнін мұнай саласындағы аз зерттелген бассейндерге арналған жеңілдетілген тәртіппен жер қойнауын пайдалану құқығын беру ережесіне енгізуді ұсынды. Бұл кез келген әлеуетті жер қойнауын пайдаланушыға көмір қабаттарының метанын өндіруге жеңілдетілген тәртіппен рұқсат алуға мүмкіндік береді.
Қарағанды бассейніндегі көмірдің өзі жақсы зерттелгенімен, метанды алу бойынша тарихи тұрғыда зерттеу жұмыстары аз жүргізілген. Сондықтан бұл газды барлау және өндіру тұрғысынан бассейн аз зерттелген болып саналады. Ақбаровтың презентациясына сәйкес, Қарағанды көмірі метанды өндіруге жеткілікті өткізгіш емес деген пікірге қарамастан, бассейн ауданы мен қимасы бойынша біртекті емес. Тереңдікке қарай тау жыныстарының құрамы, органика түрі, физикалық қасиеттері, газ мөлшері және көмір қабаттарының өткізгіштігі өзгереді. Осы әртүрлілік ішінде газды алуға қолайлы аумақтар да бар, мысалы, өткізгіштігі жоғары және газ мөлшері тоннасына 22-25 текше метрге жететін Шерубай-Нұра учаскесі.
Вице-министрдің ақпараты бойынша, Шерубай-Нұра учаскесінде сегіз ұңғыма бұрғыланып, керн сынамалары Қытай, Польша, АҚШ және Ресейде сыналған. Әлемдік тәжірибе негізінде аумақта скрининг және барлау жүргізілгенімен, пилоттық өндіру кезеңіне (шамамен 1,5-3 жыл) жетпеген. Нәтижесінде осы учаскеде метанды өндірудің перспективалығына соңғы баға берілмеген. Бұл Қарағанды облысында көмір қабаттарының метанын өндіру мүмкіндігі бұрынғы жұмыстармен сәтсіз тексерілген деген тағы бір кең таралған пікірді жоққа шығарады.
Қарағанды бассейнінде көмір қабаттарынан метан өндіру жобаларын іске қосу үшін нормативтік-техникалық және экологиялық базаны бейімдеу қажет: қорларды есептеу әдістемесі, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдаланудың бірыңғай ережелерінің арнайы бөлімі, сондай-ақ қабат суларымен жұмыс істеудің экологиялық рұқсат етілген тәртібін әзірлеу керек. Еске сала кетейік, 2017 жылы БАҚ Қарағанды көмір бассейнінің қабаттарын барлау бұрғылау жобасы Шерубай-Нұра учаскесінде жүзеге асырылып, оған қытайлық серіктес тарту жоспарланғанын хабарлаған болатын.
