Танымал блогер Жұлдыз Жауынбаеваның Ақмарал есімді ассистенті кеше тікелей эфирге кіріп, оның соңғы видеоларына пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Оның сөзінше, Джузефина көгерген жерлерін өз бояуы мүмкін, ал үйдің жалғыз қызы болғандықтан оны әке-шешесі мәпелеп өсірді.
Одан бөлек, ол жеке постында блогердің оған айлық төлемегенін жазған.
“Менің атым Ақмарал. Мен екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған анамын. Балаларымның бірі – ерекше бала, оған аутизм диагнозы қойылған. Сондықтан оған тұрақты түрде арнайы сабақтар, ерекше көңіл бөлу және қосымша қаржылық шығындар қажет. Осы себепті мен көп жұмыс істеймін және тапқан әрбір теңгеме үлкен жауапкершілікпен қараймын.
Наурыз бен мамыр айлары аралығында блогер Жузефинамен бірге жұмыс істедім. Ұзақ уақыт бойы бұл жағдайды жария еткім келмеді және соңына дейін мәселені өзара бейбіт жолмен шешеміз деп үміттендім. Мен бірнеше рет WhatsApp арқылы Жузиге төленбеген еңбекақым туралы жаздым, алайда ешқандай жауап ала алмадым.
Сонымен қатар, өз қаражатымнан оның жеке шығындарына шамамен 100 000 теңге жұмсадым. Бұл ақшаны кейін қайтарылады деген сеніммен қарызға алған едім. Алайда бүгінгі күнге дейін ол қаражат қайтарылған жоқ. Соның салдарынан мен тек еңбекақымсыз қалып қана қоймай, алған қарызымды да өзім өтеуге мәжбүр болып отырмын.
Бұл жағдай туралы айту үшін қандай да бір ыңғайлы сәтті күткен жоқпын. Керісінше, соңына дейін жауап алып, мәселені жарияламай шешуге тырыстым. Бірақ ешқандай жауап та, нақты шешім де болмағандықтан, бұл туралы көпшілікке айтуға шешім қабылдадым.
Менің мақсатым ешкімді қорлау немесе кемсіту емес. Мен тек адал еңбегіммен тапқан ақымды алып, әділдікке қол жеткізгім келеді. Өйткені бұл оқиғаның артында тек мен ғана емес, күн сайын жауапкершілігін арқалап жүрген балаларым да тұр.
Жузи, егер осы жазбаны көрсең, менімен байланысқа шығып, өз міндеттемелеріңді орындауыңды сұраймын.
Жоғарыда жазылғандардың барлығы нақты фактілерге негізделген. Қажет болған жағдайда оны қолымдағы хат-хабарлармен және өзге де дәлелдермен растай аламын”, — деп жазды ол.
