Қатарға отбасымен көшіп жатқан қазақстандықтар саны көбейген – сарапшы

Фото: tutu.ru

Қатар қазақстандық кәсіби мамандар үшін, әсіресе мұнай-газ саласы қызметкерлері арасында, ең тартымды бағыттардың біріне айналып келеді. Бүгінде бұл елде Қазақстаннан барған шамамен 600–700 маман жұмыс істейді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.

Сонымен қатар көптеген мамандар үшін Дохаға көшу соңғы мақсат емес, халықаралық мансап жолындағы маңызды кезең ретінде қарастырылады.

Осындай қорытындыға «Qazaq Expats in Qatar» зерттеуінің нәтижелері бойынша Qazaq Expert Club-тың персоналды басқару саласындағы сарапшысы Арман Шоқпаров келді. Зерттеу аясында әлемдегі жан басына шаққандағы табыс деңгейі ең жоғары елдердің бірі саналатын Қатардағы қазақстандықтардың еңбек ерекшеліктері, мансаптық мүмкіндіктері және табыс деңгейі зерттелді.

«Сауалнамаға Қатарда жұмыс істейтін 54 қазақстандық қатысты, сондай-ақ тағы алты адаммен тереңдетілген сұхбат жүргізілді, – дейді Арман Шоқпаров. – Қатысушылардың 63%-ын ер адамдар құрады, негізгі жас санаты – 31 бен 40 жас аралығы. Олардың жартысынан астамының еңбек өтілі 11 жылдан асады. Әрбір екінші қатысушы мұнай-газ саласында, негізінен инженерлік және өндірістік лауазымдарда жұмыс істейді».

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, мамандардың едәуір бөлігі жұмысты өз бетінше тапқан, ал басқаларына хантинг арқылы немесе Қатар компанияларынан тікелей шақырту түскен. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ секілді ірі мұнай-газ жобаларында тәжірибесі бар қазақстандық мамандарды Қатар компаниялары арнайы іздеп, жұмысқа шақырады.

Көшуге түрткі болатын негізгі себептер – жоғары табыс пен халықаралық тәжірибе жинау мүмкіндігі. Зерттеуге қатысушылардың 59%-ы жоғары базалық жалақыны басты себеп ретінде көрсетсе, 56%-ы өзін экспат ретінде сынап көргісі келетінін айтқан. Сонымен қатар кәсіби сын-қатерлер, халықаралық жобаларға қатысу және Қазақстандағы мансаптық мүмкіндіктердің шектеулілігі де маңызды факторлар қатарында аталған.

«Қатысушылардың 94%-ы көшкеннен кейін жалақысының артқанын айтты, ал 74%-ының табысы кемінде екі есеге өскен, – дейді сарапшы.

Сонымен бірге респонденттердің 85%-ы Қазақстанда дәл осындай деңгейдегі табыс табу іс жүзінде мүмкін емес деп санайды».

Алайда жоғары табыс әрдайым мансаптық өсуді білдірмейді. Зерттеуге қатысқандардың тек 43%-ы ғана қызметтік жоғарылау алғанын хабарлаған.

Қалғандарының кәсіби мәртебесі өзгеріссіз қалған немесе тіпті төмендеген.

Арман Шоқпаровтың айтуынша, Қатардағы жұмыс берушілер қызметкерлерді дамытуға инвестиция салғаннан гөрі, олардың қолдағы құзыреттері үшін төлеуге дайын келеді.

Зерттеу барысында қазақстандық мамандардың болашақ мансаптық жоспарлары да ерекше қызығушылық тудырды.

«Бір қызығы, респонденттердің тек 28%-ы ғана қазіргі келісімшарты аяқталғаннан кейін Қазақстанға оралуды жоспарлайды. Ал 35%-ы Қатарда қалуды, тағы 37%-ы үшінші елге көшуді қарастырады.

Сонымен қатар қатысушылардың 56%-ы Қатарға отбасымен бірге көшкен. Тағы 30%-ы бойдақ және мобильділігі жоғары, сондықтан басқа елге көшу мүмкіндігін жиірек қарастырады. Қалған 14%-ы Қатарда жалғыз жұмыс істейді, ал олардың отбасы Қазақстанда қалған. Дәл осы топ елге қайтуға көбірек бейім және Қатардағы өмірді салыстырмалы түрде сыни бағалайды», – дейді сарапшы.

Соған қарамастан қатысушылардың басым бөлігі Қатардағы өмір мен жұмыс тәжірибесін оң бағалайды: сауалнамаға қатысқандардың 80%-ы Қатарды әріптестеріне ұсынуға дайын.

«Бір қызығы, Доханы мансаптық трамплин ретінде көбіне табысы ең көп өскен мамандар қабылдайды. Бұлар – мұнай-газ саласындағы тәжірибелі кәсіби кадрлар», – дейді Арман Шоқпаров.

Оның пікірінше, бұл Қазақстанның еңбек нарығы үшін елеулі сын-қатерге айналып отыр. Ел тәжірибелі мамандарынан айырылып жатыр және олардың бәрі бірдей кейін оралмайды.

«Бүгінде қазақстандық компаниялар бір-бірімен ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жұмыс берушілермен де бәсекелесуге мәжбүр. Егер Қазақстан тәжірибелі мамандарды сақтап қалғысы келсе, корпоративтік мәдениетті дамытуы, кәсіби өсу мүмкіндіктерін жасауы және бәсекеге қабілетті еңбек шарттарын ұсынуы қажет. Әйтпесе ең білікті кадрлар мансабын елден тыс жерде жалғастыра береді,» – деп есептейді сарапшы.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика