Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қазақстанда жарияланған әкімшілік амнистия аясында қандай жүргізушілердің айыппұлы кешірілетінін түсіндірді. Оның айтуынша, рақымшылыққа негізінен ұсақ жол ережесін бұзушылықтар ілінеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Мәжіліс кулуарында журналистер сауалына жауап берген вице-министр Ішкі істер министрлігі желісі бойынша амнистияға 58 әкімшілік құқық бұзушылық бабы ілігетінін атап өтті. Бұл санатқа ең алдымен жол қауіпсіздігін бұзуға қатысты істер жатады. Мәселен, жол таңбасының талаптарын сақтамау, көлік тізгінінде ұялы телефон пайдалану немесе қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты заңбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдар кешірілуі мүмкін.
Сонымен қатар Санжар Әділов рақымшылықтың басты шартын еске салды. Амнистия азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін, қоғамға зор зиян келтірмейтін құқық бұзушылықтарға ғана қолданылады. Көлікті мас күйінде басқару, жылдамдықты шамадан тыс асыру секілді адам өміріне қатер төндіретін өрескел заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік жеңілдетілмейді.
