Қарағандыда «элиталық» үйді қаңғыбас иттер басып алған

Фото: видеодан скрин

Қарағандының қақ ортасындағы зәулім, су жаңа элиталық тұрғын үйлер сыртынан қаншалықты жылтырап көрінгенімен, іші толған үрей мен айқай-шуға толы болып шықты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.

Бұл аулалар қазір заманауи жайлы мекенге емес, түнде адам шошитын қаңғыбас иттердің нағыз ұясына айналған. Күндіз ата-аналар балаларын сыртқа шығаруға қорқып, зарығып отырса, түнде иттердің үздіксіз абалаған дауысынан көз ілу мүмкін болмай қалды.

Тұрғындардың бұл жанқайғысы кеше ғана басталған жоқ, олар жылдар бойы тиісті орындардың есігін қағып, шыр-пыр болып келеді. «Сенім 109» қызметі арызды үйіп-төгіп қабылдағанымен, Ветеринария басқармасы тарапынан ешқандай нақты әрекет, селт еткен қозғалыс байқалмайды.

Сонда жауапты шенділердің қимылдауы үшін міндетті түрде бір адамды ит қауып, қасірет орнауы керек пе? Заң бар ма өзі, бар болса ол неге қарапайым халықтың қауіпсіздігін қорғауға жұмыс істемейді? Шарасыз қалған жұрт енді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинге және тікелей Президентке жүгінуден басқа амал таппай отыр. Билік бұқараның үніне құлақ аспаса, қарапайым халықтың қауіпсіздігіне ертең кім кепіл болады?

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика