Жеткіншекті тоқ соқты: Атыраудағы келеңсіздік жұрттың ашуын туғызды

Фото: видео скриншот

Атыраудың Өркен ықшамауданында жаға ұстатарлық жағдай орын алды. Велосипед теуіп жүрген жасөспірім көшеде салбырап тұрған электр сымына байқаусызда тиіп кетіп, тоққа түскен, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.

Соққының екпінінен жарақат алып, жерге құлаған баланың суреттері әлеуметтік желіде лезде тарап кетті. Оқиға орнына шұғыл жеткен арнайы қызмет мамандары тиісті жұмыстарды жүргізгенімен, халықтың ашуы әлі басылар емес.

Жергілікті тұрғындар жауапты мекемелердің салғырттығына наразылық білдіріп, қауіпті аймақтарды дер кезінде ретке келтіруді талап етуде. Көшедегі ашық-шашық жатқан сымдар мен қараусыз қалған желілер бүгінде кез келген қаланың бас ауруына айналып отыр. Бүгін бір бала ажалдан аман қалса, ертең оның орнында басқа біреудің перзенті болуы мүмкін екенін ескерсек, бұл мәселені жылы жауып қоя салуға әсте болмайды. Құзырлы органдар бұл келеңсіздіктен сабақ алып, бақылауды күшейтпесе, халықтың өкпесі қара қазандай болары анық.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика