Коллаж: qazaqtoday.info
Танымал продюсер Баян Алагөзова «КешYOU» тобының бұрынғы мүшесі Мөлдір Әуелбековамен болған арадағы көпжылдық келіспеушіліктің анық-қанығын айтып, сатқындыққа барғанын жеткізді, хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Жақында ғана ұжымның 20 жылдық мерейтойлық концертіне қатысудан бас тартқан әнші жайлы тың деректер «КешYOU» жобасына арналған деректі фильмнің үшінші бөлімінде жарияланды.
Продюсердің мәлімдеуінше, уақытында топтан үлкен жанжалмен кеткен Мөлдір Әуелбекова өз мансабында тоқырау басталғанда өзі байланысқа шығып, кешірім сұраған. Кездесу кезінде ол жеке әнші ретінде жұмыс істеуге қолдау сұрағанымен, Баян Алагөзова бұл ұсыныстан бас тартып, оны тек топ құрамына қайта қосылу шартымен ғана қабылдағанын айтады.
Алайда қайта оралған орындаушы ұжымның тығыз гастрольдік графигіне төтеп бере алмай, жұмыстан қашудың амалын іздеп, денсаулығын сылтаурата бастаған. Мәселен, Баянауылдағы концерттік сапар барысында әншінің қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем шақырылғанымен, дәрігерлер ешқандай кінәрат таппаған. Жоба жетекшісі бұл әрекеттерді жоспарланған концерттерді әдейі кейінге шегеру немесе мүлдем бұзу әрекеті деп қабылдағанын жеткізді.
«Менің көзімше үнемі ауырып, ақсаңдап жүретін. Ал мен жоқ кезде мүлдем қалыпты, еркін жүретінін топтағы басқа қыздар маған видеоға түсіріп көрсетіп берді. Мұндай екіжүзділіктен кейін мен онымен жұмыс істей алмайтынымды айтып, келісімшартты үздім»,– деді Баян Алагөзова.
Бұл жағдай продюсердің өзіне ғана емес, оның сіңлісі – музыкалық продюсер Бағым Мұхитденоваға да үлкен соққы болып тиген. Себебі Мөлдір бес жыл бойы Бағымның үйінде тұрып, одан туған анасындай қамқорлық көрген көрінеді.
«Бағым оған анасындай қарап, қолынан келген көмегінің бәрін жасады. Ал Мөлдір болса, 5 жыл бойы оның арқасынан пышақ ұрып келді. Содан бері 15 жыл өтсе де, Бағымның жүрегіндегі сол бір өкпе мен ауырсыну әлі басылған жоқ. Ол әлі күнге дейін емделіп келеді», – деп ағынан жарылды продюсер.
