Ақтөбелік емшімен жанжал: Сәтжан мен Алагөзова полицияға жүгінді

Ақтөбелік емшімен жанжал: Сәтжан мен Алагөзова полицияға жүгінді

Сурет: tengrinews.kz

Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан мен продюсер Баян Алагөзова ақтөбелік емші Бағдагүлдің үстінен полицияға арызданды. Бұған емшінің әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерде айтқан қорлау сөздері себеп болған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Жанжал Динара Сәтжанның Ақтөбеде жеке брендті дамыту тақырыбында шеберлік сабағын өткізуінен кейін басталған. Емші жергілікті шенеуніктер жеке тұлғаның іс-шарасына халықтың ақшасын жұмсады деп айыптаған. Динара Сәтжан бұл айыпты жоққа шығарып, мемлекеттен ешқандай қаражат алмағанын және мемлекеттік тендерлерге қатыспағанын мәлімдеді.

Тележүргізушінің айтуынша, емші Бағдагүл тікелей эфирлердің бірінде оның намысына тиетін былапыт сөз айтқан. Сәтжан мұны көпшілік алдында қорлау деп бағалап, заң аясында жауапқа тартуға ниетті екенін жеткізді. Сонымен қатар Сәтжан мен оның адвокаты Ақтөбе облысының Экономикалық тергеу департаментіне жүгінбек. Олар емшінің қызметін, атап айтқанда ақылы батадан түскен қаражаттың қайда жұмсалатынын, салық төлейтін-төлемейтінін, адам емдеуге лицензиясының бар-жоғын және биологиялық белсенді қоспаларды сатуға құқығын тексеруді сұрайды.

Продюсер Баян Алагөзова Динара Сәтжанды қолдап, интернет-емшінің ұзақ уақыттан бері тікелей эфирлерде адамдарды қорлап, жала жабумен айналысып келе жатқанын айтты. «Қазір бұл мәселемен менің заңгерлерім айналысып жатыр. Егер біреу осылайша өзіне трафик жасағысы келсе, оны сот күтіп тұрғанын ескерсін», – деді Алагөзова.

Полицияға арыз түскені туралы ақпараттан кейін емші Бағдагүл жаңа видеоүндеулер жариялады. Онда ол Сәтжан мен Алагөзованы «тілге, менталитетке, салт-дәстүрге қарсы» деп айыптап, өз сөздері үшін ең көп дегенде айыппұл төлеуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика