Сурет: sn.kz
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Жаңа қазақ» мектебінде болған мұғалімге қол көтеру оқиғасына қатысты пікір білдірді. Халық қалаулысы мұндай әрекеттің адамгершілікке жатпайтынын және қоғамдағы ұстаз мәртебесіне нұқсан келтіретінін атап өтті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Депутаттың айтуынша, ұстазға күш көрсету – тәрбиесіздіктің шектен шыққан көрінісі. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында білім беретін жанға жұдырық ала жүгіру ешқандай қағидаға сыймайтынын жеткізді. Сондай-ақ Дәулет Мұқаев соңғы кездері қоғамда мұғалімге деген құрметтің төмендеп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Дәулет Мұқаев ұстазға қол жұмсаған азамат заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс екенін баса айтты. Оның пікірінше, бұл оқиға басқаларға сабақ болуы үшін де маңызды. Депутат мектепте мұғалімнің қауіпсіздігі қамтамасыз етілмесе, сапалы білім мен тәрбие туралы айту мүмкін еместігін ескертті.
«Ұстазды қорғай алмаған қоғам ертең тәрбиелі ұрпақ күтемін демесін», – деп сөзін түйіндеді Мәжіліс депутаты. Бұл оқиға қоғамда ұстаз мәртебесін қорғау мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.
