Фото: Видеодан скрин
Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың соғысқа аттанар кезінде досына жазған хаты жарияланды, деп QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Бұл туралы 24KZ телеарнасы мәлімдеді.
Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова нағашылары Сапура және Бисембай Қабиевпен жиі хат алмасып тұрған. Мұражайда батырдың жеті хатының көшірмесі бар.
Ал ұмыт қалған сегізінші хатты мәдениет ошағының мамандары мемлекеттік архивтен алып, көпшілік назарына ұсынған. Хат белгілі журналист, деректі фильмдердің сценарисі Сейілхан Асқаровтың жеке мұрағатында болған.
Хатта Әлия Молдағұлова Олег есімді бала күнгі досына жақын арада Отан қорғауға аттанатынын қуанышпен хабарлаған.
«Мен снайперлер мектебінде оқып жүрмін. Әрі қарай Отан қорғауға барамын. Бірнеше рет әскери комиссариатқа бардым, жасым келмегендіктен қайтарып жіберді. Бірақ менің өзімнің табандылығымның арқасында осыған қол жеткіздім», — деп сондай қуанышын бөліскен.
Сонымен қатар белгілі жазушы Аркадий Гайдардың сөзін де келтіріп жазған. «Сол үндеу маған өте әсерлі болды және менің де өміріме әсерін берді», — деп Олегке жазады», — дейді «Әлия» мұражайының қызметкері Айсұлу Тұралиева.
Телеарнаның мәліметінше, бұл – шамамен 1943 жыл. Әлия Молдағұлова мергендер мектебінің үздік түлегі атанған кезі. Досына сәлемі мен ықыласын, туған жерге деген махаббатын бас-аяғы 15 сөйлемге сыйдырған батыр қыз көп ұзамай 54-ші арнайы атқыштар бригадасының қатарында майданға аттанады.
Мәскеу мен Ленинградта білім алған Әлия Молдағұлованың хаттары туған жерге деген ыстық ықыласқа толы. Отан үшін от кешіп, жанын қиюға бар екенін мына бір газет қиындысында жазылған бір шумақ Абайдың өлеңімен жеткізген:
Бұл өмірдің қызығы махаббатпен
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен
Арттағыға сөзің мен ісің қалса
Өлсеңде өлмегенге боласың тең.
