Қазақстан мен АҚШ маңызды келіссөздер жүргізді: Марко Рубио елге келуі мүмкін
фото: gov.kz
Қазақстан мен АҚШ кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға және сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін растады. Бұл мәселелер Самарқандта Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың кездесуінде талқыланды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын қарастырды. Сауда айналымын арттыруға, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға және практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге басымдық берілді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен 2025 жылғы қарашада өткен кездесуінің қорытындысы бойынша жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселесіне назар аударылды.
Мұхтар Тілеуберді іскерлік байланыстарды нығайтудың, америкалық инвестициялар мен озық технологияларды тартудың маңыздылығын атап өтті. Энергетика, аса маңызды минералдар, цифрландыру, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту да талқыланды. Бұдан бөлек, тараптар Майамиде өтетін алдағы G20 саммитіне дайындық мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Марко Рубио саммиттен кейін жақын арада Қазақстанға ресми сапармен келуге мүдделі екенін растады. Кездесу қорытындысында Қазақстан мен АҚШ кеңейтілген стратегиялық әріптестікті нығайтуға және нақты практикалық нәтижелерге қол жеткізуге өзара мүдделі екенін мәлімдеді.
