Солтүстік Қазақстанда Audi 80 аударылып, үш әйел жарақат алды
Солтүстік Қазақстан облысында Audi 80 көлігі аударылып, үш әйел жарақат алды. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Сурет: Anton Skripachev / Getty Images
Солтүстік Қазақстан облысында тасжолда жеңіл автокөлік аударылып, үш әйел жарақат алды. Алдын ала мәлімет бойынша, жол апатына көліктің техникалық ақауы себеп болуы мүмкін.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Жол-көлік оқиғасы 18 қазанда сағат 11:40 шамасында Тайынша – Ясная Поляна тасжолында, Вишневки ауылының маңында болған.
Полицияның мәліметінше, Audi 80 автокөлігін 34 жастағы ер адам басқарған. Қозғалыс кезінде көліктің артқы дөңгелегі тұсында техникалық ақау пайда болып, жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған. Салдарынан жеңіл көлік жолда аударылған. Апат кезінде салонда отырған үш әйел зардап шекті.
«Көліктегі жасы 38, 21 және 34-тегі үш жолаушы Тайынша көпсалалы ауданаралық ауруханасына жеткізілді. Оқиғаға байланысты көлікті пайдалану және жол қозғалысы ережелерін бұзып, адамдардың денсаулығына зиян келтіру фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары жол апатының мән-жайын анықтап, қажетті материалдарды жинап жатыр.
Полиция жүргізушілерге көліктерінің техникалық жарамдылығын үнемі тексеріп, жолдағы және ауа райындағы өзгерістерді ескеруді ескертті.
«Полиция департаменті жүргізушілерді көліктерінің техникалық жағдайын бақылауға, жол мен ауа райы жағдайын ескеруге және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады», – деп түйіндеді ведомство.
