Алматыда үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасынан кейін қала тұрғындары Әл-Фараби даңғылында бөлуші қоршаулар орнатуды талап етіп, петиция бастады, деп хабарлайды QazaqToday.info ақпараттық порталы.
Петиция авторы сегіз жолақты қарқынды жолда кедергілердің болмауы адам өміріне үлкен қауіп төндіретінін алға тартуда.
Үндеу авторларының пікірінше, рұқсат етілген жылдамдық 80 км/сағ жететін магистральда бөлгіш барьерлердің болмауы қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, бетпе-бет соқтығысу қаупін жоғарылатады. Осыған байланысты белсенділер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы қоршауларды шұғыл орнатуды талап етіп отыр. Қазіргі уақытта петицияға 60-тан астам адам қол қойып үлгерді.
Құжатта мұндай қайғылы жағдайлардың бұған дейін де тіркелгені, атап айтқанда, 2025 жылғы 25 қарашада болған ұқсас апат Әл-Фараби даңғылындағы қауіпсіздік жүйесінің осалдығын растайтыны жазылған. Тұрғындар бұл жағдайды қалалық инфрақұрылымдағы «жүйелі қауіп» деп бағалап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Әл-Фараби даңғылы Алматыдағы ең ірі әрі көлік ағыны көп магистральдардың бірі. Соңғы жылдары қала билігі бұл жолдағы жылдамдық режимін бірнеше рет өзгерткен болатын. Алайда соңғы болған ірі жол апаты қауіпсіздік мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарып, қоғамда қызу талқылануда.
