Сурет: tengrinews.kz
Қазақстанда Ресей валютасына деген сұраныс күрт өсті. Ұлттық банктің дерегінше, наурыз айында айырбастау пункттеріндегі рубльдің таза сатылымы бірден жеті есеге артып, 7,4 миллиард теңгені құрады. Бұл ақпан айындағы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сараптамалық орталығында бұл динамикаға бірнеше фактор әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, рубльдің таза сатылымының өсуі халық тарапынан Ресей валютасына сұраныстың артқанын көрсетеді және бұл бір реттік сипатта болуы ықтимал. Бұған дейін халық негізінен рубльдің таза сатушысы болса, ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларында жағдай өзгерген.
Сұраныстың артуына маусымдық және нарықтық факторлардың үйлесімі себеп болуы мүмкін. Атап айтқанда, Ресей Федерациясымен арадағы сапарлардың, сауда-саттық пен іскерлік операциялардың жандануы байқалады. Сонымен қатар, Ресей валютасының әлсіреуі де қосымша ынталандырушы факторға айналды. Бірінші тоқсанда рубль теңгеге шаққанда 5,4 пайызға арзандаған, бұл нарық қатысушыларының бір бөлігі үшін ағымдағы бағамды сатып алуға қолайлы етті.
Екі ел арасындағы ақша аударымдарының қозғалысы да елеулі рөл атқарады. Мәселен, наурыз айында Қазақстаннан Ресейге 22,4 миллиард теңгеге баламалы қаражат аударылса, кері бағытта небәрі 3,5 миллиард теңге келіп түскен. Бұл рубльге деген құрылымдық сұранысты қалыптастырып, ішкі нарықта оны сатып алу қажеттілігін күшейтеді. Сарапшылар сондай-ақ ағымдағы өсім бұрын жинақталған рубль қорының таусылып, болашақ шығындарға дайындықпен байланысты болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
