Фото: shutterstock
ОПЕК+ құрамына кіретін жеті мемлекет маусым айында мұнай өндіру көрсеткішін тәулігіне 188 мың баррельге арттыру туралы келісімге келді. Бұл туралы ұйым жексенбі, 3 мамыр күні өзінің ресми сайтында мәлім етті, деп хабарлайды QazaqToday.info ақпараттық порталы.
Мәлімдемеде Біріккен Араб Әмірліктерінің энергетикалық дағдарыс жағдайында ұйым құрамынан шығу туралы шешіміне қатысты ешқандай түсініктеме берілмеген.
Осылайша, ОПЕК+ осымен үшінші ай қатарынан мұнай өндірісін ұлғайтып отыр. Reuters агенттігінің дереккөздеріне сүйенсек, маусымдағы өсім мамыр айындағы көрсеткішпен (тәулігіне 206 мың баррель) деңгейлес, алайда одан 1 мамырдан бастап альянстан шыққан БАӘ-нің үлесі алынып тасталған. Ұйым жариялаған кестеге сәйкес, Қазақстан мұнай өндіру көлемін тәулігіне 10 мың баррельге арттырады.
Мұнай өндірісін ұлғайту – АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы аяқталғаннан кейін топтың энергия ресурстарын жеткізуге дайын екенін көрсетуді көздейді. Дегенмен сарапшылар бұл шешімнің қазірше символдық мәні ғана бар екенін айтады, себебі соғысқа байланысты Ормуз бұғазы арқылы өтетін негізгі кеме қатынасы әлі де бұғатталып тұр.
Еске сала кетейік, сәуір айының соңында БАӘ 1 мамырдан бастап ОПЕК және ОПЕК+ құрамынан шығатынын мәлімдеген болатын. Бұл шешім әлемдік мұнай нарығындағы күштер теңгеріміне әсер етпек. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, БАӘ-нің кетуіне байланысты альянстың әлемдік мұнай өндірісіндегі үлесі 50%-дан 45%-ға дейін қысқарады.
