Бұдан былай АҚШ паспортында Трамптың портреті тұрады

Фото: x.com/statedept

АҚШ-та ел тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай президент Дональд Трамптың бейнесі бар жаңа үлгідегі паспорттар сериясы шығарылмақ, деп хабарлайды QazaqToday.info ақпараттық порталы inbusiness.kz сайтына сілтеп. 

АҚШ Мемлекеттік департаменті құжатты онлайн түрде немесе басқа бөлімшелер арқылы алған азаматтарға стандартты үлгідегі паспорт берілетінін мәлім етті.

Жарияланған макетке сәйкес, паспорт мұқабасының ішкі алдыңғы бетіне Дональд Трамптың портреті мен алтын түспен жазылған қолтаңбасы орналастырылады. Артқы мұқабада америкалық суретші Джон Трамбуллдың «Тәуелсіздік декларациясы» картинасының бір бөлігі бейнеленеді.

Қазіргі стандартты үлгідегі АҚШ паспорттарының ішкі бетінде басқа америкалық суретші Эдвард Перси Моранның туындысы бар. Онда Ұлыбритания әскері Балтимордағы Макгенри фортын атқылағаннан кейін АҚШ мемлекеттік әнұраны мәтінінің авторы Фрэнсис Скотт Ки бейнеленген. Дәл осы оқиға оны әйгілі шығармасын жазуға шабыттандырған.

Бұған дейін АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай шығарылатын 100 долларлық банкноттарға Трамптың қолтаңбасы түсетіні белгілі болды. Ал АҚШ-тың Бейнелеу өнері жөніндегі комиссиясы мерейтой құрметіне 24 караттық алтын монета шығаруды мақұлдады.

Онда үстелдің жанында жұдырығын түйіп тұрған Трамп бейнеленіп, «Бостандық» (Liberty) деген жазу жазылады.

2025 жылдың қазан айында Трамп әкімшілігі комиссияның барлық мүшесін қызметтен босатып, орнына Ақ үй басшысының адамдарын тағайындаған еді.

Осыған дейін АҚШ Бейбітшілік институтына Трамптың есімі берілсе, Вашингтондағы Джон Кеннеди атындағы орындаушылық өнер мемориалдық орталығына да Дональд Трамптың есімі қосылып, қайта аталды.

Сонымен қатар, Ақ үй басшысы АҚШ әскери-теңіз күштері үшін ең жаңа қарумен жабдықталатын «Трамп» класындағы екі жаңа әскери кеме салу жоспарын жариялады.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика