Түнгі клубтағы төбелес: Қостанайда демалушыларға шабуыл жасаған үш жігіт сотталып кетті

Фото: kazgazeta.kz

Қостанайда түнгі клубта болған төбелестен кейін бір азаматтың көзі жартылай көрмей қалған іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды QazaqToday.info ақпараттық порталы.

Үш ер адам денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және топ болып бұзақылық жасау баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы маусымда негізгі айыпталушы екі досымен бірге түнгі клубта болған. Би алаңында жәбірленушімен абайсыз соқтығысқаннан кейін ол жағдайды ушықтырып, қарсыласының сол жақ көзі тұсына жұдырықпен соққы жасаған. Соққыдан кейін жәбірленуші құлап, ауыр жарақат алған. Соның салдарынан оның сол көзі көру қабілетінен айырыла бастаған.

Оқиға мұнымен шектелмей, айыпталушы сыртқа шыққан соң достарымен бірге тағы 5 адамға шабуыл жасаған. Нәтижесінде бірнеше жәбірленуші түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған.

Сот дерегінше, негізгі айыпталушы мен оның бір сыбайласы кінәларын ішінара мойындаған, ал үшінші тұлға кінәсін толық мойындап, жеңіл жаза сұраған. Жәбірленушілер тарапынан қатаң жаза қолдану және келтірілген зиянды өндіру талаптары қойылған.

Сот сотталушылардың жеке басын, қылмыстың ауырлығын және келтірілген зиянның өтелмегенін ескеріп, үкім шығарды. Негізгі айыпталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды, оның екі сыбайласына 3 жылдан жаза тағайындалды. Жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленді. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика