Қансонар – 2026: Зеренді де құсбегілік өнерді насихаттау бойынша өткен халықаралық жарыстың жеңімпаздары анықталды
Арқаның кербез сұлу Көкшесінде ата-бабадан қалған саятшылық өнері қайта жаңғырды. Ақмола облысына қарасты Айдарлы ауылында халықаралық «Қансонар – 2026» құсбегілік турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info тілшісі.
Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық турнирге 80-нен астам құсбегі қатысты. Саятшылар Түркия, Моңғолия, Қытай және Ресейден жиналды. Жалпы бәйгеге 49 бүркіт, 15 ителгі және 10 қаршыға қатысқан. Мәселен, Түркиялық Мутлу Кызылбулга Қазақстанға осымен алтыншы рет келіп отыр. Ол қазақ халқының дәстүрлері мен құсбегілік өнеріне ерекше қызығатынын айтады. Бұл жолы ителгімен жарысып, үшінші орынға ие болды.
«Мен қазақ халқын өте жақсы көремін. Қыран құспен аң аулау – қазақ халқының ең қызықты өнерлерінің бірі. Осындай жарыстар Түркияда да өтсе екен деймін. Сол кезде қазақ бауырларымызды өз елімізге шақырар едік», – деді халықаралық турнирге қатысушы Мутлу Кызылбулга
Құсбегілік өнеріне нәзік жандылар да қызығып жүр. Қазір Қазақстанда он шақты қыз құсбегі бар. Олар жарыста ерлермен қатар өнер көрсетіп, өзара бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша әртүрлі санатта тоғыз жүлдегер анықталды. Олар — Қазақстанның алты өңірінен, сондай-ақ Түркия мен Ресейден келген қатысушылар. Жеңімпаздарға ақшалай сертификат пен бағалы сыйлықтар табысталды.
«Қансонар – 2026» турнирі ұлттық өнерді ұлықтап, отандық және шетелдік құсбегілердің басын қосты.
