«Қазақмыс» Ұлытауда спорт, білім және қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуда
Фото: Қазақмыс
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Ұлытау облысында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты. Негізгі назар қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға, спорт және білім беру инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ құрылыс жұмысының мерзімі мен сапасына аударылды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Жұмыс сапары аясында барған нысандардың бірі – Жезқазған қаласындағы Кеңгір су қоймасының жағалауы болды.
Жоба Қазақмыстың қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Оған бөлінген қаржы көлемі 3,4 млрд теңгені құрайды.
Жағалауға жақын жерде облыстық орталық мешіттің құрылысы аяқталуға жақын. Жұмыс толық аяқталғаннан кейін айналасындағы аумақтар серуендеуге, демалуға және бос уақытты өткізуге арналған біртұтас қоғамдық кеңістікке айналады.

Басқарма төрағасы «NAMYS» академиясының аумағында салынып жатқан ашық спорт алаңымен де танысты. Жоба аясында футбол алаңы мен воркаут аймағын жабдықтау көзделген.
Академияда күрес, күштік жаттығулар, спорттық ойындар мен би сабағына арналған залдар, сондай-ақ 150 орындық жатақхана бар. Мұнда спорттық дайындықты жалпы білім алумен қатар алып жүруге қажетті жағдай жасалған.
«Жастар» саябағын қайта жаңғырту жұмысына да ерекше назар аударылды. Жобаның құны – 4,9 млрд теңге. Саябақ аумағында серуендеу және велосипед жолдары, субұрқақ, заманауи балалар алаңдары мен көгалдандырылған аймақтар қарастырылған. Жұмысты 2026 жылдың IV тоқсанында аяқтау жоспарланған.

Жұмыс сапары барысында С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының күрделі жөндеу жұмысының барысы да қаралды. Ғимаратты жаңартуға 5,1 млрд теңге бөлінген. Жұмыс 2027 жылдың I тоқсанында аяқталуы тиіс.
Сәтбаев қаласында Руслан Өскенәлі Кенші даңқы алаңын абаттандыру жұмысымен танысты. Кеншілердің еңбек дәстүріне арналған қоғамдық кеңістік құны 3,3 млрд теңгені құрайтын жоба аясында жаңартылуда. Негізгі жұмысты 2026 жылдың IV тоқсанында аяқтау жоспарланған. Ал көгалдандыру жұмысы 2027 жылдың II тоқсанына дейін жалғасады.
Бағдарлама аясындағы келесі нысан – Ұлытау университеті. Мұнда негізгі оқу корпусы мен спорт залының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар 140 орындық жатақхана салу жұмысы жалғасуда.
Университетті дамыту өңір жастарының білім алу мүмкіндігін кеңейтуге және тау-кен өндіру мен металлургия салаларын қоса алғанда түрлі бағыттар бойынша білікті маман даярлауға бағытталған.

Университетке барған кезде «Қазақмыс» басшылығы аумақты көгалдандыру жұмысына қатысып, көшет отырғызды.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша белгіленген мерзімдердің сақталуына, құрылыс жұмысының сапасына және жобаларды одан әрі іске асыру барысына ерекше назар аударылды.
Қазақмыс өзі жұмыс істейтін өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып келеді. Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындары үшін қолайлы қалалық орта қалыптастыру, білім алу, спортпен шұғылдану және демалу мүмкіндігін кеңейту – компанияның басым бағыттарының бірі бола береді.
