Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 102 жыл толды
Бүгін қазақ прозасының классигі, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 102 жыл толды. Оның өмірі мен әдеби мұрасы туралы.
Сурет: sn.kz
Бүгін қазақ прозасының классигі, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің дүниеге келгеніне 102 жыл толып отыр. Бұл дата қазақ әдебиетінің тарихында ғана емес, бүкіл ұлттық мәдениетте айрықша орын алады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің есімі қазақ халқының рухани болмысын терең зерттеп, ұлт тағдыры мен адамның ішкі әлемін эпикалық деңгейде суреттеген шебер ретінде мәңгі есте қалды. Оның шығармашылығы арқылы ұлттық әдебиет әлемдік кеңістікке қанат жайып, қазақ болмысын шет елдерге танытты.
Жазушы 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысы Арал ауданы Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ол Қазақстанның халық жазушысы, ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан қоғам қайраткері ретінде танымал. Оның ата-тегі Арал маңын ежелден қоныстанған Жақайым руынан басталады. Жетінші атасы Тайқожа батыр, Қалдан, Арғынбай би, одан өз заманында байлығымен танылған Сыланбай, ал Сыланбайдан Нұрпейіс болыс тарайды. Әбдіжәмілдің әкесі Кәрім, Нәжім, Қали үшеуі де Ұлы Отан соғысына қатысқан, бірақ соғыстан аман оралғаны тек Әбдіжәміл ғана болды.
Әкесінің өмірі де жазушы үшін ерекше мәнге ие. Кәрім ауылнай қызметін атқарған адам болған. Соғыс қарсаңында балық колхозында істеп жүріп, 1944 жылдың 21 сәуірінде Тернополь түбіндегі шайқаста қаза тапқан. Жазушы өзінің туған күні туралы сұрағанда, әкесі нақты күнді айтпай, «қараша болуы мүмкін» деп жауап бергені есінде қалған.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің балалық шағы қиындықтарға толы болды. Ашаршылықты көріп өскен ол алғашқы білімін ауылдағы қарапайым мектептерде алды. Жазушы мектептегі оқудан қол үзіп қалып, 3-сыныпты Құландыда, 4-сыныпты Көкаралда аяқтады. 5-сыныптан бастап сабақты дұрыс оқып, 10-сыныпты оқып жүргенде әдебиетке құштарлығы оянып, повесть жазуға бел буды. Бірақ әскерге кеткеннен кейін оның жазғандары жоғалып кеткен.
1942 жылы орта мектепті тәмамдай сала Әбдіжәміл Нұрпейісов армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Қысқа мерзімді курстарды бітірген соң ол Оңтүстік және Прибалтика майданында миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты. Соғыс аяқталғаннан кейін жазушы әскери қызметін 1946 жылы желтоқсанда аяқтап, елге оралды.
Әскерден оралған соң ол өзіне соғыстан қалған естеліктерін қағаз бетіне түсіруге кірісті. Соның нәтижесінде «Курляндия» романы дүниеге келді. Бұл туындысы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықты иемденді.
Соғыстан кейінгі кезеңде 1946 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісов Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, бір жыл оқыды. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, оны 1956 жылы бітірді. Әдебиет саласындағы алғашқы қадамы «Курляндия» романы болса, бұл кітап кейінірек «Қан мен тер» трилогиясына негіз болды. Жазушы ретінде оның шығармаларына соғыс пен адам тағдыры, ел мен жердің күресі секілді терең тақырыптар арқау болды.
Проза жанрында үнемі үздіксіз еңбектенуімен қатар, жазушы өткір сындары және публицистикалық мақалалары арқылы да танылды. Ол сыншы ретінде де үлкен беделге ие болды.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдеби мұрасы қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Оның ең танымал шығармаларының бірі – «Қан мен тер» трилогиясы. Бұл трилогия адам тағдыры, қоғамдағы өзгерістер және ұлттың болашағы секілді күрделі мәселелерді қозғайды. Жазушының тағы бір көрнекті еңбегі – «Соңғы парыз» дилогиясы. Бұл шығармалары қазақ әдебиетімен қатар, әлем әдебиетінде де жоғары бағаланды. Оның шығармалары отыздан астам шет тіліне аударылып, қазақ әдебиетін халықаралық аренада танытты.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығы тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде танымал болды. Француз жазушысы Луи Арагон, ресейлік Юрий Казаков, Сергей Баруздин, испандық Тамыз Видаль, қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов, қазақстандық Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов секілді әдебиетшілер оны жоғары бағалады.
Әдебиет саласындағы қызметімен қатар, Әбдіжәміл Нұрпейісов қоғам қайраткері ретінде де белсенді болды. Ол 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып қызмет атқарды. Сондай-ақ, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Нарық заманы басталғанда жазушы халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенті болды. 2000 жылдан бастап, ПЕН клуб жанынан «Таң-Шолпан» әдеби-көпшілік журналын шығара бастады.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдебиетке қосқан үлесі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Ол «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстанның «Отан» орденімен марапатталған. Жазушы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанда бұл сыйлықты тек үш қаламгер – Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов және Жұбан Молдағалиев қана алған.
Әбдіжәміл Нұрпейісов 2022 жылы 5 ақпанда 97 жасында дүниеден озды. Оның әдеби мұрасы қазақ әдебиетінде мәңгілік орын алды. Жазушының шығармалары мен естеліктері қазақ халқының рухани байлығына қосылған қомақты үлес болып қала береді.
