Анталияда қазақ балуандары 12 алтын жеңіп алды

Фото: Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметі

Түркияның Анталия қаласында өткен Victory Cup халықаралық турнирінде Қазақстанның жас балуандары жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы 12 алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды QazaqToday.info ақпараттық порталы.

Жиырмаға жуық елден 800-ден астам спортшы қатысқан додада Қазақстан құрамасы 8 алтын, 9 күміс және 16 қола медаль еншілеген. Оның ішінде U17 және U20 жас санаттарындағы балуандар барлық күрес түрлері бойынша командалық есепте алдыңғы орындардан көрінді.

Алдымен бозкілемге шыққан U17 жас санатындағы спортшылар үш бағытта да айқын басымдық танытты. Грек-рим күресінде Жаңажол Қуанышбек (51 кг), Асқар Нұрали (60 кг) және Төлеш Марлен (65 кг) алтын жүлде иеленіп, командаға 3 алтын, 1 күміс және 8 қола медаль әкелді. Бұл бағдарламада Қазақстан құрамасы бірінші орынға шықты. Әзербайжан екінші, Түркия үшінші орын алды.

Еркін күресте де қазақстандық балуандар қарқынын жалғастырды. Бақдәулет Ағабек (48 кг), Темірлан Мұрат (55 кг) және Әділет Рысбай (71 кг) чемпион атанып, қоржынға 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль салды. Бұл сында да Қазақстан құрамасы бірінші орыннан көрінді.

Әйелдер күресінде Інжу Баққожа (46 кг) мен Бағжан Құрманбай (73 кг) алтын жүлде жеңіп алып, команда нәтижесін толықтырды. Сонымен қатар, 5 күміс пен 4 қола медаль иеленген қазақстандықтар бұл бағдарламада да көш бастады. Түркия екінші, Қырғызстан үшінші орынға тұрақтады.

U20 жас санатындағы балуандар да нәтижелі өнер көрсетті. Грек-рим күресінде Әмірмұхаммед Қабулов (55 кг) алтын алса, Алпамыс Болатұлы (60 кг) мен Еркебұлан Анапия (82 кг) күміс жүлдеге ие болды. Команда бұл бағытта үшінші орын алды.

Еркін күресте Асхаб Хаджиев (86 кг) чемпион атанып, Ерхан Әбіл (79 кг) мен Дінмұхаммед Қасымбек (86 кг) қола медаль жеңіп алды. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы бесінші орынға тұрақтады.

Әйелдер арасында Анна Стратан (57 кг) мен Ұлдана Тілеухан (68 кг) алтын медаль иеленіп, тағы 5 қола жүлде қосылды. Бұл нәтиже Қазақстан құрамасына жалпыкомандалық есепте екінші орынды қамтамасыз етті.

Осылайша, Анталиядағы халықаралық турнирде Қазақстанның жас балуандары 12 алтынмен жарқырап, ел намысын абыроймен қорғады.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика