Ақмола облысында тағы бір бөгет жарылды: ауылға қауіп төніп тұр ма?
Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы бөгет жарылды. Сабынды ауылына қауіп бар ма? Әкімдік жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылынан екі шақырым жерде орналасқан бөгет жарылды. Қазіргі уақытта 200-ден астам адам мен 50-ден астам техника жұмылдырылып, судың бетін қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, оқиға орнына жедел штаб құрылып, тиісті шаралар қабылдануда. Апаттың салдарын жоюға 230-дан астам адам, оның ішінде құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар, сондай-ақ 56 бірлік арнайы техника тартылған.
«Сабынды ауылына су басу қаупі жоқ. Жарылған бөгеттің жағасын нығайту және су ағынын басқа арнаға бұру жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ Астана – Қорғалжын тасжолы штаттық режимде жұмыс істеп тұр, жолға су жайылған жоқ», — деп хабарлады әкімдік.
Жергілікті билік жағдай толық бақылауда екенін жеткізді. Судың деңгейі бақыланып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Фото: Әлеуметтік желіден
