Қазақстанның негізгі экспорттық бағыты саналатын Қара теңіздегі портта мұнай жөнелту көлемі тағы да күрт қысқарды. Бұған қолайсыз ауа райы, техникалық жөндеу жұмыстары және дрон шабуылынан келген зақым себеп болды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, осы айда CPC Blend маркалы мұнайды жөнелту тәулігіне 800-900 мың баррельді ғана құрайды. Бұл желтоқсан айының ортасында күтілген көлемнен шамамен 45%-ға аз. Қазақстан мұнайын таситын 45 танкердің кем дегенде 21-інің сапары тоқтатылған.
Мамандар бұл жағдайдың мұнай нарығына Венесуэла мен Ирандағы оқиғалардан да қатты әсер еткенін айтады. Өйткені КТК портындағы іркілістер Қазақстанның мұнай өндіру мүмкіндігін шектейді, себебі ел өндірген барлық көлемді балама бағыттар арқылы экспорттай алмайды.
Қара теңіздегі терминалдағы ақаулар біраз уақыттан бері жалғасып келеді. Соңғы апталарда қолайсыз ауа райы жұмысты бірнеше рет тоқтатқан. Нәтижесінде үш айлақтың біреуі ғана істеп тұр, оның өзінде іркілістер бар. Екінші айлақ жөнделіп жатса, үшіншісін қараша айының соңында дрон шабуылы зақымдаған болатын. Қазақстанға толық өндірістік қуатты сақтау үшін кемінде екі айлақтың бір уақытта жұмыс істеуі қажет.
Дереккөздердің хабарлауынша, КТК құбыр жүйесі сақтау резервуарларының толып кетуіне байланысты мұнай қабылдауды тағы да тоқтатқан.
Бұл іркілістер CPC Blend маркалы мұнайдың нарықтағы көлемін азайтып, оның бағасын бір жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет оң аймаққа шығарды. Жақында мұнайдың бір партиясы Dated Brent эталонынан 1,20 долларға дейін қымбат сатылған.
КТК арқылы өтетін мұнайдың шамамен 90%-ы Қазақстанға тиесілі. Әдетте тәулігіне 150 мың баррельді құрайтын ресейлік мұнай ағыны да Каспий теңізіндегі «Лукойл» нысандарына жасалған дрон шабуылдарынан кейін айтарлықтай азайған.
Фото: Әлеуметтік желіден
