Хакерлер Instagram желісінен 17,5 миллионнан астам аккаунттың жеке деректерін, оның ішінде телефон нөмірлері мен мекенжайларын ұрлап кетті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл туралы америкалық Malwarebytes киберқауіпсіздік компаниясы мәлімдеме жасады. Сарапшылардың айтуынша, киберқылмыскерлердің қолына аса маңызды ақпараттар түскен.
«Киберқылмыскерлер Instagram желісіндегі 17,5 миллион аккаунттың құпия ақпаратын, соның ішінде пайдаланушы аттарын, тұрғылықты мекенжайларын, телефон нөмірлерін, электрондық пошта мекенжайлары мен басқа да мәліметтерді қолды қылған», — деп хабарлады компания өкілдері.
Осы оқиғадан кейін Instagram қолданушыларына құпиясөзді ауыстыру әрекеті жасалғаны туралы ескертулер жаппай келе бастаған.
Алайда Instagram-ға иелік ететін Meta компаниясының өкілдері әзірге бұл ақпаратты растаған жоқ және жағдайға байланысты ешқандай түсініктеме бермеді.
Фото: Әлеуметтік желіден
