АҚШ «Ислам мемлекетіне» ескерту жасады: «Сендерді әлемнің кез келген жерінен табамыз»

АҚШ пен оның одақтастары Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) лаңкестік тобының нысандарына ауқымды әуе соққыларын жасады. Бұл операция желтоқсанда америкалық әскерилерге жасалған шабуылға жауап ретінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығының (Centcom) мәліметінше, соққы жасау туралы бұйрықты АҚШ президенті Дональд Трамп 10 қаңтарда берген. «Қаршыға соққысы» (Hawkeye strike) деп аталған бұл шабуыл 13 желтоқсанда Сирияда америкалық сарбаздардың өліміне әкеп соққан ИМ әрекетіне тікелей жауап болды.

Қолбасшылықтың хабарлауынша, соққылардың негізгі мақсаты – терроризммен күресу және аймақтағы америкалық әскер мен одақтас күштердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Біздің жолдауымыз қатаң: егер біздің сарбаздарға зиян келтірсеңдер, кек алудан қалай жасырынбақ болсаңдар да, сендерді әлемнің кез келген нүктесінен тауып, көздеріңді жоямыз», — деп мәлімдеді Centcom.

БАҚ мәліметіне сәйкес, операция барысында АҚШ пен оның серіктестері 20-дан астам ұшақты жұмылдырып, 35-тен астам нысанға 90-нан аса жоғары дәлдіктегі оқ-дәрі қолданған. Әзірге соққы жасалған нақты аудандар мен құрбандар саны туралы ақпарат жарияланбады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика