Ауа райы: Оңтүстікте +10 жылы, ал солтүстік пен шығыста аяз бет қариды

Синоптиктер Қазақстанның басым бөлігінде күн ашық, жауын-шашынсыз болатынын болжап отыр. Тек еліміздің батысында қар жаууы ықтимал, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Солтүстік және орталық өңірлерде аяз сақталады. Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Петропавл қалаларында түнде ауа температурасы -8…-13°C, ал күндіз -3…-10°C аралығында болады. Желдің жылдамдығы секундына 14 метрге дейін жетуі мүмкін.

Еліміздің шығысында да күн ашық. Семейде түнде сынап бағанасы -13…-15°C дейін төмендесе, күндіз -5…-7°C көрсетеді. Өскеменде де осыған ұқсас ауа райы күтіледі, бірақ мұнда желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.

Оңтүстік өңірлерде көктем лебі сезіле бастайды. Таразда күндіз ауа температурасы +8…+10°C дейін көтеріледі. Қызылордада +4…+6°C, Түркістанда +3…+5°C жылы болады. Ал Қонаев пен Талдықорғанда күндізгі температура 0…+3°C аралығында болады.

Тек батыста, Орал қаласында ауа райы құбылмалы: мұнда қар жауып, жел соғады. Ауа температурасы түнде -5…-7°C, күндіз -3…-5°C болады.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика