Фото: видеодан скрин
Қара бетперде таққан жұмбақ жігіт ауыр диагноздарға қарамастан, өзгенің үйінде ыдыс жуып күн көріп жүрген көпбалалы ананың отбасына пәтер сыйлады. Бұл туралы Qazaqtoday.info ақпарат порталы хабарлайды.
49 жастағы Нағима қант диабетімен ауырады. Оның екі баласы құрысу ұстамаларымен өтетін эпилепсия дертіне шалдыққан. Ал жолдасы туғаннан бері саңырау әрі мылқау, үшінші топтағы мүгедек. Отбасын асырау үшін Нағима той-жиындарда ыдыс жуып, салат дайындап, мешіттегі жәрмеңкелерге апарып сатады. Қазіргі таңда олардың өз баспанасы жоқ, жалдамалы пәтерде тұрып келеді.
Келіншек өміріндегі ең ауыр сәттерді еске алып, жүрегін жарып айтты.
“Жолдасыма жоспарлы ота жасалатын кезде, дәл сол уақытта екі балам да ұстамамен ауруханаға түсті. Төрт көзіміз түгел отырып, дастарқан басында шай ішудің өзі арманға айналды”, – дейді Нағима.
Ол сондай-ақ қызының да бала кезінен қиындықты көп көргенін, жуырда көз жасына ерік беріп, Алладан жәрдем сұрағанын жеткізді.
Қара бетперде киген жігіт отбасыға ем қабылдауға және кәсіп бастауға қаржы ұсынып, жаңа пәтердің кілтін табыстады.
“Шынайы ниетпен, көз жасымен жасалған дұға ешқашан далаға кетпейді. Алла қаласа, осы қаражат арқылы емделіп, қалаған кәсіптеріңізді ашасыздар”, – деді ол.
Әлеуметтік желі қолданушылары қайырымды іске тәнті болып, қара бетперде киген жігітке алғыстарын жаудырып жатыр. Айта кетейік, бұған дейін де ол мұқтаж жандарға үй мен көлік сыйлағаны туралы ақпарат тараған еді.
