Жәнібек Әлімханұлының допинг дауы: федерация сараптаманың В сынамасын аштырды

Кәсіпқой бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг бақылаудың В сынамасын аштырғанын хабарлады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков әлеуметтік желідегі жазбасында В сынамасын ашу рәсімі өткенін мәлімдеді.

«В сынамасын аштырдық. Қазақстан халқы, дұға қылайық. Нәтижесін күтеміз», – деп жазды Рахымжан Ерденбеков.

Федерация басшысы бұл қадамды істің тағдырына тікелей әсер ететін құқықтық маңызы бар кезең ретінде бағалады. Оның айтуынша, В сынамасының қорытындысы спортшының алдағы мансабына да, осы оқиғаға берілетін құқықтық бағаға да ықпал етеді.

Федерация ресми нәтиже шыққанға дейін Жәнібек Әлімханұлы кінәсіз деп есептелетінін атап өтті. Ұйым өкілдері спортшыны алдын ала айыптайтын кез келген жария мәлімдеме тексеріс барысына қысым ретінде қабылдануы мүмкін екенін және спортшының құқығына нұқсан келтіретінін ескертті.

Федерация мәліметінше, В сынамасының талдауы белгіленген тәртіппен өтуі тиіс: спортшы мен оның өкілдері барлық рәсімге және құжаттарға толық қол жеткізуі керек. Егер регламент бұзылса, құқықтық тұрғыда баға беріліп, қорытындыны жарамсыз деп тану мәселесі көтерілуі мүмкін.

Ұйым өкілдері В сынамасы спортшының тазалығын растаса, Әлімханұлына тағылған айыпты ресми түрде алып тастауға және оның беделін қалпына келтіруге күш салатынын жеткізді. Ал егер заңды әрі дәлелді жолмен ереже бұзғаны анықталса, шешім қолданыстағы тәртіпке сай қабылданады.

Осы даудың аясында федерация эмоцияға ермей, заң аясында алынған В сынамасының нақты қорытындысына сүйену қажет екенін тағы да қайталады.

Еске салсақ, 6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы орта салмақта WBA чемпионы Эрисланди Ларамен белбеулерді біріктіру жекпе-жегін өткізуі керек болған. Бұл кездесуді жанкүйерлер қазақстандық боксшының мансабындағы ең маңызды айқастардың бірі ретінде атаған.

Алайда спортшы допинг сынағынан өте алмай, жекпе-жек өтетін кештің бағдарламасынан шұғыл түрде алынды. Кейін Әлімханұлына 2016 жылдан бері допингке қарсы талаптарда тыйым салынған мельдоний қолданды деген күдік тағылғаны белгілі болды.

Нәтижесінде Эрисланди Лара рингке венесуэлалық Йохан Гонсалеспен шықты. Кубалық боксшы төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті.

Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика