Атырау облысы полиция департаменті әлеуметтік желіде өзін «хакермін» деп таныстырып, Жангелдин ауылындағы отбасының жоғалуына қатысты «мән-жайды өзім аштым» деген мәлімдеме жасаған адамды іздеп жатыр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Полиция дерегінше, аты-жөнін жарияламаған бұл қолданушы интернетте күдіктінің байланыс нөмірі қосылған аумақтарда бір мезетте қаза болған және хабар-ошарсыз кеткен отбасы мүшелерінің нөмірлері де «қатар белсенді болып шығады» деген ой таратқан. Ол мұны байланыс карталарының жұмыс ізі, геолокациясы мен қаржылық операцияларын «техникалық талдадым» деп түсіндірген.
Атырау облысы полиция департаменті мұндай тұжырымдардың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Құқық қорғау органдары «хакер» деп аталған адамның әлеуметтік желіде жазғаны тергеудегі нақты мәліметтерге сүйенгендей көрінгенімен, оның өзі ешқандай жаңа дерек таппағанын айтады.
«Әлеуметтік желідегі жазбаларда айтылған байланыс карталарын талдау, геолокация және қаржылық операцияларға қатысты мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді. Бұл деректерді құқық қорғау органдары әлеуметтік желідегі жарияланымдар шықпай тұрып-ақ өз іс-шаралары барысында анықтаған, кейін ресми бағыттама ретінде рәсімдеген», — деп түсіндірді Атырау облысы полиция департаменті.
Департамент өкілдерінің сөзінше, интернетте өзін «хакер» ретінде көрсеткен адам тергеудің ресми материалдарында бар ақпаратпен сәйкес келетін деректерді ғана жариялап отырған. Полиция оның мемлекеттік жүйелерге заңсыз кіру фактісін растайтын мәлімет айтпағанымен, «өз бетінше техникалық талдау жүргізді» деген уәжін негізсіз деп бағалайды.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары аталған адамға қатысты бұрын алаяқтық деректері бойынша төрт қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Тергеу жалғасып жатыр, күдіктіні іздеу жарияланған.
Ал әлеуметтік желідегі жазбалардың авторы өз пікірінше, мемлекеттік жүйелерді бұзбағанын, тек ашық дереккөздерге, байланыс қызметін ұсынатын компаниялардың ашық мәліметтеріне және «техникалық талдауға» сүйенгенін алға тартады.
Фото: Envato Elements
