Мал шаруашылығында жұмыс істейтіндер ерте зейнетке шығуы мүмкін

Қазақстанда малшылар мен шопандардың зейнетке шығу жасы төмендеуі мүмкін. Бұл өзгеріс 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жоспары аясында қарастырылып отыр, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Жаңа бағдарлама аясында еңбек жағдайы ерекше мамандықтар үшін бірқатар әлеуметтік жеңілдік көзделген. Мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерге 5–6% мөлшерлемемен төмен пайызды несие ұсынылмақ. Бұдан бөлек, ауыл жастарына білімге қолжетімділікті арттыру мақсатында, малшылардың балаларына жоғары оқу орындарына гранттар бөлуде артықшылық беріледі.

Одан бөлек, малшыларға әскерге шақыру мерзімін кейінге шегеру мүмкіндігі беріліп, ауылдық жерде үй салу үшін мемлекеттік қолдау ұсынылады.

«Мал шаруашылығы – ауыл экономикасының тірегі. Сондықтан бұл саланың мамандарына әлеуметтік жағдай жасау өте маңызды», – делінген Қоғамдық кеңесте өткен жиында.

Аталған даму жоспары Қоғамдық кеңестің талқылауына салынып, толық қолдау тапты.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика