Сурет:freepik
Қыс келгенде таңертең ояну көп адам үшін нағыз сынаққа айналады. Таңның кеш атуы, күн сәулесінің аздығы және суық ауа ағзаның табиғи биологиялық ырғағына әсер етеді. Соның салдарынан адам өзін әлсіз сезініп, жылы төсектен тұрғысы келмей жатады. Алайда қыста да сергек оянып, күнді дұрыс бастауға болады.
Ең алдымен ұйқы режимін тұрақтандыру қажет. Қыс мезгілінде кеш ұйықтап, таңертең ерте тұру ағзаға ауыр тиеді. Күн сайын бір уақытта жатып, бір уақытта тұру әдетін қалыптастыру маңызды. Тіпті демалыс күндері де бұл тәртіптен қатты ауытқымау керек. Тұрақты режим биологиялық сағатты қалыпқа келтіріп, оянуды жеңілдетеді.
Ұйықтар алдындағы әдеттер де маңызды рөл атқарады. Кешкі уақытта телефон мен теледидарды ұзақ пайдалану миға демалуға мүмкіндік бермейді. Экраннан шығатын жарық ұйқы гормонының бөлінуін тежейді. Ұйықтар алдында жарықты бәсеңдетіп, тыныш музыка тыңдау немесе кітап оқу ұйқының сапасын жақсартады.
Таңертеңгі оянуды жеңілдету үшін жарықты пайдалану тиімді. Таң атпай тұрсаңыз да, бөлмені бірден жарықтандыру керек. Жарық ағзаға күн басталғанын білдіріп, ұйқыны тарқатуға көмектеседі. Пердені ашу немесе үстел шамын қосу осы тұрғыда пайдалы.
Жылы төсектен шығуды жеңілдетудің тағы бір жолы – қозғалыс. Оянған сәтте-ақ созылып, бірнеше қарапайым қимыл жасау қан айналымын жақсартады. Төсектен бірден тұру қиын болса, алдымен отырып, аяқ-қолды қозғау да жеткілікті.
Taңғы ас пен жылы сусынның да әсері бар. Таңертең бір кесе жылы шай немесе су ішу ағзаны оятады. Қоректік таңғы ас күн бойы сергек жүруге көмектеседі. Аш қарынмен шыққан адам өзін әлсіз сезініп, қайтадан ұйқысы келуі мүмкін.
Қыс мезгілінде ерте тұру ерік-жігерді ғана емес, дұрыс әдеттерді талап етеді. Ұйқыға саналы түрде мән беру, кешкі және таңғы тәртіпті сақтау арқылы «жылы төсектен тұрғым келмейді» деген сезімді жеңуге болады.
