Сурет: (facebook: Erzhan Tolek)
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – қазақ тарихындағы ең ауыр әрі ең бұрмаланған кезеңдердің бірі. Сол күндері алаңда болған оқиғаны халық жылдар бойы толық көре алмады. Себебі шындықты көрсетуге тырысқандар аз болды, ал көрсеткендер қатаң бақылауға алынды. Сол санаулы батылдардың бірі – телережиссер Рубикжан Яхин.
Ресми деректер мен әріптестерінің естеліктеріне сүйенсек, Рубикжан Яхин Желтоқсан күндері Алматыдағы Республика алаңында болып жатқан жағдайды бейнетаспаға түсірген санаулы, тіпті жалғыз режиссер ретінде аталады. Ол кезде камераны алаңға алып шығудың өзі үлкен тәуекел еді. Өйткені кеңестік билік бұл оқиғаның сыртқа шығуына мүлде мүдделі болмады.
Түсірілім аяқталған сәтте бейнетаспаны КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тартып алғаны туралы деректер бар. Бұл — сол кезеңнің шындығына сай әрекет. Алайда ең маңызды тұсы да осы жерде. Куәгерлердің айтуынша, таспаны толық бермес бұрын Рубикжан Яхин пленканың бір бөлігін жасырын түрде жыртып алып, сақтап қалған. Бұл – кәсіби қулық емес, азаматтық батылдық еді. Өйткені сол жыртып алынған кадрлар Желтоқсанның шынайы бейнесін жоғалудан аман алып қалды.
Ол кадрларда жастардың бейбіт түрде алаңға жиналуы, олардың қолында қару болмағаны, алғашқы сәттердегі тыныш атмосфера көрініс тапқан. Бұл таспалар кейін Желтоқсан оқиғасының «бұзақылық» емес, азаматтық қарсылық болғанын дәлелдеуде аса маңызды дереккөзге айналды. Егер сол пленканың бір бөлігі сақталмағанда, тарих тағы да біржақты жазылар еді.
Рубикжан Яхин бұл әрекеті үшін сол кезеңде марапат алған жоқ. Керісінше, қауіп, қысым, бақылау жағдайында өмір сүрді. Бірақ уақыт бәрін өз орнына қойды. Бүгінде Желтоқсан туралы көрсетіліп жүрген деректі фильмдер мен архивтік материалдардың негізінде дәл сол сақталған кадрлар жатыр.
Рубикжан Яхин 2014 жылы өмірден өтті. Ол өз заманының батырын бейнелейтін фильм түсірген жоқ. Бірақ өзі сол батырлардың бірі болды. Қолындағы камерасын қаруға айналдырмай, шындықты сақтаудың құралына айналдырды.
Желтоқсанның шындығы бізге жетсе, ол тек алаңға шыққан жастардың емес, сол сәтті бейнетаспаға түсіріп,оны келер ұрпақтың көзбен күруі үшін сақтап қалған азаматтардың да ерлігі. Солардың бірі, әрі бірегейі – Рубикжан Яхин.
