Астана тұрғыны әкімдікте жарық мәселесін баласымен шешті
Астана тұрғыны әкімдікке баласымен келіп, үйінде жарық жоқ екенін айтып шағымданды. Видео әлеуметтік желіде тарап, әкімдік түсініктеме берді.
фото: ашық дереккөз
Қазнетте елорда әкімдігінде түсірілген бейнеролик тарап жатыр. Ондағы басты кейіпкер — коммуналдық мәселені шешу үшін қолына кішкентай баласын ұстап келген Астана тұрғыны.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Әйел үйінде жарық жоқ екеніне шағымдану үшін әкімдікке баласымен келген. Ол бұл мәселені қызық эмоциямен жеткізгені сондай — видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті.
Кадрларда әйел бірден іске көшіп, қызметкерден неге шенеуніктердің кабинеттерінде жарық барын, ал оның үйінде жоқ екенін сұрайды.
«Неге сендерде жарық бар?! Неге бізде жарық жоқ? Себебі бұл жерде әкім отырады», — дейді әйел.
Кадр сыртында қызметкер одан мекенжайын нақтылайды. Жарық «Өндіріс» тұрғын алабында (Сарайшық ауданы) сөнгені белгілі болды.
Ролик әлеуметтік желіде тез тарады. Желі қолданушылары бұл видеоға түрлі пікір білдірді: бірі күлсе, енді бірі әйелдің тік мінезіне тәнті болды. Тіпті кейбіреулер оны киноға түсіруді ұсынды.
«Тура бір әзіл-ысқақ шоуының сахнасында тұрғандай», «Банкке де осылай барып, «Неге сіздерде ақша бар, бізде жоқ?» деп наразылық білдіру керек шығар», «Мынау әйел көңіл күйімді көтерді», «Тіпті ұрысқанның өзінде мейірімді көрінеді», «Дұрыс сұрақ қойды. Неге оларда жарық жоқ, ал әкімдікте бар?», «Сондай сүйкімді екен. Екіге буған шашы ше?», «Нағыз актриса», «Оны тез арада депутаттыққа өткізуді ұсынамын, ол кез келген мәселені тез шешеді», — деп жазды желі қолданушылары.
Мән-жайды анықтау үшін Сарайшық ауданы әкімдігіне хабарласып, түсініктеме алдық. Әкімдік өкілдері видеоның 2026 жылы 5 қарашада түсірілгенін хабарлады. Сол күні «Өндіріс» тұрғын алабында жұмыстар жүргізіліп, соған байланысты электр энергиясы уақытша өшірілген.
«2026 жылғы 5 қарашада №13-18 бағаналарда кабель қондырғыны монтаждау жұмыстары жүргізілуіне байланысты Коммуналдық шаруашылық басқармасы сағат 09:00-ден 16:30-ға дейін электр энергиясын уақытша өшірді», — деді ведомство өкілдері.
Бұл шектеу тұрғын алаптағы бірнеше көшені, соның ішінде Бәйшешек, Көкжелек, Бұлбұл, Ер Көкше, Сарын, Қызан, Теміртау, Қызылкөл көшелерін, Абылай хан даңғылын және басқаларын да қамтыған.
