Негізгі мазмұнға өту
Сәрсенбі, 25 қараша 2026 $ 456,7↑€ 498,5↓₽ 5,58↓
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Гукеш Доммараджу мен Жавохир Синдаров шахмат тағыны үшін бірінші партияда тең түсті • Капризов Гретцкидің рекордын қайталауға бір қадам қалды • Ореховтың голы «Металлургке» КХЛ матчында жеңіс әперді • Омбудсмен: Жастарға жасалған мүмкіндік – ел болашағына салынған инвестиция • Айнұр Тұрсынбаева Нұрболхан Шараповтың әзіліне өлеңмен жауап қайтарды • Мейірхан Тоқаевтан Аленовті қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады • Гукеш Доммараджу мен Жавохир Синдаров шахмат тағыны үшін бірінші партияда тең түсті • Капризов Гретцкидің рекордын қайталауға бір қадам қалды • Ореховтың голы «Металлургке» КХЛ матчында жеңіс әперді • Омбудсмен: Жастарға жасалған мүмкіндік – ел болашағына салынған инвестиция • Айнұр Тұрсынбаева Нұрболхан Шараповтың әзіліне өлеңмен жауап қайтарды • Мейірхан Тоқаевтан Аленовті қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады •

    Омбудсмен: Жастарға жасалған мүмкіндік – ел болашағына салынған инвестиция

    Омбудсмен: Жастарға жасалған мүмкіндік – ел болашағына салынған инвестиция

    Фото: NEGE.kz

    Жастардың әлеуетін ашу, олардың бастамаларына қолдау көрсету және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Бүгінде Алматы қаласында жас буынның білім алуына, кәсіби дамуына, шығармашылық қабілетін шыңдауына және әлеуметтік жобаларын жүзеге асыруына арналған бірқатар мүмкіндік қарастырылған. Бұл туралы Республикалық студенттік омбудсмен, «Алматы студенттер Альянсының» төрағасы Айболат Нығметжанұлы Сембиев айтып берді.

    Жастардың тың идеяларына – нақты қолдау

    Қазіргі таңда елімізде 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтарды қолдауға бағытталған мемлекеттік және жергілікті бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Жастар саясаты басқармасы мен «Қазақстан студенттері Альянсының» қатысуымен ұйымдастырылатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасы.

    Аталған бастама жастардың әлеуметтік, шығармашылық және қоғамдық бағыттағы тың идеяларын іске асыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында алты бағыт бойынша 13 грант қарастырылған. Жалпы қаржыландыру көлемі – 13 миллион теңге. Байқау жеңімпаздарының әрқайсысына өз жобасын дамыту үшін 1 миллион теңгеден беріледі.

    Айболат Сембиевтің пікірінше, мұндай бастамалардың маңызы тек қаржылай қолдаумен шектелмейді. Ең бастысы – жастардың өз идеясына сенуіне, оны нақты жобаға айналдыруына және қоғамға пайдалы іспен айналысуына жол ашылады.

    «Жастардың бойында идея да, бастама да жеткілікті. Алайда кейде оларды жүзеге асыруға қаржылық мүмкіндік немесе қажетті қолдау жетіспей жатады. Осындай гранттық жобалар жас буынның әлеуетін ашуға көмектеседі. Сондықтан жастарға берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз бастамаларын батыл ұсынуға кеңес беремін», – дейді ол.

    Студенттік өмірді жандандыру – ортақ міндет

    Айболат Сембиев Алматы қаласындағы «Қазақстан студенттері Альянсын» екі жылға жуық уақыттан бері басқарып келеді. Осы кезеңде ұйым студенттердің қоғамдық белсенділігін арттыруға, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға және жастар арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асырған.

    Олардың қатарында «Жазғы Алаш» шығармашылық байқауы мен Халықаралық студенттер күніне арналған танымдық және мәдени іс-шаралар бар. Ұйым өкілдері жыл сайын жаңа бастамалар ұсынып, студенттік қозғалыстың мазмұнын кеңейтуге күш салып келеді.

    Сонымен қатар жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамдық жауапкершілікті күшейту мәселелеріне де басымдық берілген.

    Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы, «Заң мен тәртіп», «Қауіпсіз Қазақстан» қағидаттары жастар арасында кеңінен насихатталады. Бұған қоса, «Оқитын ұлт» идеясы аясында кітап оқу мәдениетін дамытуға және жастардың рухани-танымдық деңгейін көтеруге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

    «Біздің мақсатымыз – студенттердің тек білім алып қана қоймай, қоғам өміріне араласатын, азаматтық ұстанымы қалыптасқан тұлға болып өсуіне ықпал ету. Жастар қоғамдық мәселелерге бейжай қарамауы керек. Экология, заңға құрмет, қауіпсіздік, білім мен мәдениет – баршамызға ортақ жауапкершілік», – дейді Айболат Сембиев.

    Студенттердің құқығы – басты назарда

    Жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі – студенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Осы мақсатта Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан республикалық студенттік омбудсмен институты құрылған.

    Бұл институт студенттер мен білім беру ұйымдары арасындағы өзекті мәселелерді қарастыруға, жастардың өтініштерін тиісті деңгейде жеткізуге және олардың құқықтарының сақталуына ықпал етуге бағытталған.

    Республикалық студенттік омбудсмен Айболат Сембиевтің айтуынша, студенттер өз мәселелерін анонимді түрде де жолдай алады. Әрбір өтініш назарға алынып, оның мән-жайы жан-жақты зерделенеді.

    Студенттердің жатақханамен қамтамасыз етілуі, оқу процесіне қатысты түйткілдер, әлеуметтік жағдайы және білім беру ұйымдарындағы құқықтарының сақталуы да институт жұмысының негізгі бағыттарына жатады.

    «Студенттің құқығы мен заңды мүддесі кез келген жағдайда қорғалуы тиіс. Кейде жастар өз мәселесін кімге және қалай жеткізу керектігін білмейді. Сондықтан омбудсмен институтының міндеті – студенттерге құқықтық қолдау көрсету, олардың өтініштерін тыңдау және тиісті шешім қабылдануына ықпал ету. Ең маңыздысы – әрбір студент өзінің мәселесі назардан тыс қалмайтынын сезінуі керек», – дейді ол.

    Жастардың дамуына арналған ашық кеңістіктер

    Алматыда жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, білімін жетілдіруіне және жаңа жобалармен айналысуына мүмкіндік беретін коворкинг орталықтары да жұмыс істейді. Қаланың әртүрлі аудандарында орналасқан бұл кеңістіктер жастарға қолжетімділігімен ерекшеленеді.

    Кейбір орталықтар тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде қызмет көрсетеді. Мұнда жастар тегін интернетті пайдаланып, жеке немесе топтық жобаларымен айналыса алады. Бұдан бөлек, заңгерлік және психологиялық кеңес алу, тіл үйрену курстарына қатысу мүмкіндіктері де қарастырылған.

    Мұндай орталықтардың басты ерекшелігі – жастарға тек физикалық кеңістік ұсыну емес, олардың өзара тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар қалыптастыруына және кәсіби байланыстар орнатуына жағдай жасау.

    Маманның пікірінше, жастар инфрақұрылымын дамыту кезінде оның қолжетімділігімен қатар, мазмұнына да мән берген жөн. Яғни, орталықтар жастардың нақты сұранысына жауап беріп, олардың білім алуына, шығармашылық ізденісіне және әлеуметтік бейімделуіне көмектесуі қажет.

    «Толық адам» қағидаты және адал азамат тәрбиесі

    Айболат Сембиев жастар тәрбиесі мен тұлғалық қалыптасу мәселесінде Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімінің маңызын ерекше атап өтеді. Ұлы ойшылдың ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек туралы тұжырымы қазіргі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

    Бұл құндылықтар бүгінгі «Адал азамат» тұжырымдамасымен де сабақтас. Себебі елге пайдалы азамат болу үшін білімділікпен қатар, адамгершілік, жауапкершілік, әділеттілік және еңбекқорлық қасиеттері қажет.

    «Жастарға мүмкіндік беру – маңызды. Бірақ сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана алатын саналы азамат тәрбиелеу одан да маңызды деп ойлаймын. Абай айтқан үш қасиет – қайрат, ақыл және жүрек – адам бойында үйлесім тапқанда ғана оның қоғамға тигізер пайдасы артады. Біз жастардың бойында осындай жауапкершілік пен азаматтық ұстаным қалыптасуына ықпал етуіміз керек», – дейді ол.

    Жалпы, Алматы қаласында жастардың білім алуына, бастамаларын жүзеге асыруына, құқықтарын қорғауына және тұлғалық дамуына бағытталған мүмкіндіктер аз емес. Ендігі міндет – осы ресурстарды тиімді пайдаланып, оларды нақты нәтижеге айналдыру.

    Айболат Сембиевтің айтуынша, жастардың табысты болуына мемлекеттік қолдау ғана емес, олардың жеке белсенділігі мен жауапкершілігі де тікелей әсер етеді. Сондықтан ол Алматы жастарын қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге және қоғамға пайдалы жобаларды қолға алуға шақырады.

    Өйткені елдің ертеңі – бүгінгі жастардың біліміне, бастамашылдығына және азаматтық белсенділігіне байланысты. Жастардың дамуына жасалған инвестиция – ел болашағына салынған инвестиция.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →