Негізгі мазмұнға өту
Сейсенбі, 24 қараша 2026 $ 455,5↓€ 501,1↑₽ 5,60↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Бектенов: Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек • 17 жастағы қарағандылық IQ деңгейі бойынша Билл Гейтстен асып, Цукербергпен теңесті • «Қазақстан футбол федерациясының атынан ұрамын»: Еркебұлан Тоқтар Қуат Хамитовпен спарринг өткізді • Ерсайын Нағаспаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды • Матвеев Алмабаевтың UFC-дегі тактикасын сынға алды • Тоқаев Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның жаңа құрамын бекітті • Бектенов: Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек • 17 жастағы қарағандылық IQ деңгейі бойынша Билл Гейтстен асып, Цукербергпен теңесті • «Қазақстан футбол федерациясының атынан ұрамын»: Еркебұлан Тоқтар Қуат Хамитовпен спарринг өткізді • Ерсайын Нағаспаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалды • Матвеев Алмабаевтың UFC-дегі тактикасын сынға алды • Тоқаев Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның жаңа құрамын бекітті •

    Бектенов: Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек

    Олжас Бектенов ҚТЖ-ның жаңа басшысы Ерсайын Нағаспаевқа міндеттер жүктеп, кадрлық тәртіпті күшейтуді талап етті. Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек.

    Бектенов: Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек

    Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

    Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жаңа басшысы Ерсайын Нағаспаевқа бірқатар міндет жүктеді.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Үкімет басшысы компания ұжымына басқарманың жаңа төрағасы Ерсайын Нағаспаевты таныстырды. Ол жаңа басшының көлік саласындағы тәжірибесіне тоқталып, бұған дейін ҚТЖ-да жұмыс істегенін атап өтті.

    Премьер-министр жаңа басшылыққа көлік-логистикалық әлеуетті арттыру, транзиттік тасымал көлемін ұлғайту, теміржол инфрақұрылымын дамыту және жұмыс тиімділігін жақсарту міндеттерін қойды. Сонымен қатар кадрлық тәртіпті күшейтіп, әр басшының қабылдаған шешімі үшін жеке жауапкершілігін арттыру қажеттігін ескертті.

    «Мемлекет басшысы “Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері” атты Жолдауында Қазақстанды Еуразияның жетекші көлік-логистикалық хабына айналдыру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілуде және оның нәтижелері үшін ерекше жауапкершілік еліміздің негізгі көлік-логистикалық активі ретінде “Қазақстан темір жолына” жүктеледі. Бұл – мыңдаған ұжымы және күрделі басқару жүйесі бар ірі компания. Кадр жұмысын ретке келтіріп, әр қызметкер үшін нақты міндеттерді анықтау қажет. Мемлекет игілігі үшін еңбек етуге дайын емес адамдар жұмыстан кетуі керек», – деді Олжас Бектенов.

    Премьер-министр ҚТЖ қызметкерлерінің басым бөлігі өз ісіне адал әрі жауапкершілікпен қарайтынына сенім білдірді.

    «Үкіметтің, салалық министрліктің және “Самұрық-Қазына” қорының қолдауымен алға қойылған барлық міндеттерді жүзеге асыруға әлеуеттеріңіз жеткілікті. Босаңсуға уақыт жоқ, қарқынды жұмысқа дереу кірісу қажет», – деді Үкімет басшысы.

    Олжас Бектенов теміржол инфрақұрылымын жаңғырту және елдің транзиттік әлеуетін арттыру мәселесіне ерекше тоқталды. Қазір Қазақстанда бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 2026 жылдың соңына дейін «Дарбаза – Мақтаарал» және «Мойынты – Қызылжар» теміржол учаскелерінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Ал «Бақты – Аягөз» теміржол желісін 2027 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр. Премьер-министр бұл жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуы Қазақстанның халықаралық транзиттік бағыттардағы мүмкіндігін кеңейту үшін маңызды екенін атап өтті.

    Бұдан бөлек, жаңа басшылыққа отандық локомотивтер мен вагондар өндірісін дамыту, қазақстандық кәсіпорындарға жүйелі қолдау көрсету міндеті жүктелді. Үкімет басшысы елімізде теміржол техникасын шығаратын өндірістік кластерлер қалыптасқанын еске салып, олардың әлеуетін тиімді пайдалану қажеттігін айтты. Сонымен қатар жүк тасымалының толыққанды мультимодальды жүйесін қалыптастыру, теңіз көлік инфрақұрылымын дамыту және инвестормен бірлесіп «Alatau Air Cargo» жүк авиакомпаниясының жұмысын тиімді ұйымдастыру мәселелері көтерілді.

    Премьер-министр көлік саласын цифрландыру бағытында да пайдаланылмаған мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Осыған байланысты ҚТЖ-ның жаңа басшылығына цифрлық технологияларды енгізу жұмысын жандандырып, оларды компанияның басқару жүйесі мен өндірістік процестерінің тиімділігін арттыруға пайдалану тапсырылды.

    Айта кетейік, бүгін Ерсайын Нағаспаев өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымынан босатылды. Артынша экс-басшысы жемқорлықпен ұсталған ҚТЖ-ға төраға болып тағайындалды.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →